Дүниежүзілік театр күні 1961 жылы халықаралық театр институтының ІХ конгресімен бекітілді. Яғни жыл сайын 27 наурыз күні аталып өтеді. Жаңаөзен қаласындағы жалғыз драма ұжымының қызметі де жоғары. «Алтын шаңырақ» драма ұжымы Жаңаөзен қаласы «Өнер» мекемесі «Мұнайшы» мәдениет үйі жанынан 2011 жылы Ләззат Ерубаеваның жетекшілік етуімен құрылды. 2012 жылы Маңғыстау облысында дәстүрлі түрде өткізілетін «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалінің драма ұжымдарының байқауында осы аталған қойылыммен қатысып, бас жүлдені иеленген болатын. Ұжым құрамында О.Тұрмағанбетұлы атындағы МИТК студенттері бар. 2013 жылы облыс орталығында жыл сайын өтетін «Есірткісіз есті әлем» тақырыбында өтетін драма ұжымдарының байқауында Ләззат Ерубаеваның жазған «Адасқан арман» қойылымын қойып, ІІІ орынға ие болды. 2014 жылы «Есірткісіз есті әлем» тақырыбында өтетін драма ұжымдарының байқауында «Улы тағдыр» қойылымын қойып, бас жүлдені қанжығаларына байлап, қаламыздың мерейін асқақтатты. 2015 жылы «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалінде В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні» қойылымын көрермендер назарына ұсынып ІІІ орынды иеленді. «Алтын шаңырақ» драма ұжымы кішкентайларды да назардан тыс қалдырмай, балаларға арнап «Әтештің ерлігі», «Жеті лақ» ертегілерін, «Менің атым қателік» пьесасын ұсынды. Өнерпаздар Мейірбек Бердоңғаров, Айдос Жұмабаев, Жанар Нұрмұқанова, Орынгүл Смағұлова, Серік Қосбаев және «Мұнайшы» МҮ-нің қызметкерлерін атап өтуге болады Қала жастарына арнап Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» драмасын сахналады. Қазіргі таңда ұжым Ұлы Жеңістің 71 жылдық мерейтойына арналған қойылымдарға дайындалуда. 2017 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің 26.05.2011 жылғы №84 бұйрығына сәйкес «Халықтық» (үлгілі) көркемөнерпаздар ұжымы атағына ұсынылды. Осы жылы алғаш сахнада «Ашыну мен дәрменсіздік» қойылымын қала тұрғындарына ұсынды. Ұжым мүшелері жыл сайын жаңа дарынды жастармен толығып тұрады, қала, облыс, республика көлеміндегі байқауларға жекелей қатысуда және әр түрлі қалалық шараларға үздіксіз атсалысып келеді. «Алтын шаңырақ» ұжымының осындай үлкен жетістіктерге жетуіне Ләззат Ерубаеваның еңбегі шексіз.
Дәмелі ӨТЕБАЕВА, «Өнер»МКҚК директоры