©
Қазақстанда мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Үштілділік бағдарламасы жүзеге асып жатқан елімізде қазақ тілінің мерейі үстем болуы дау тудырмайтын мәселе. Жақында Маңғыстау облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының тілдерді дамыту және ономастикалық жұмыстар бөлімінің басшысы Айгүл Ықыласқызымен сұхбаттасудың сәті түскенде өңірімізде мемлекеттік тілді үйрету жайын сұраған едік. - Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының Маңғыстау облысында жүзеге асыру барысы табыссыз емес. Бұл бағыттағы жұмыстар Маңғыстау облысы әкімдігінің 2017 жылғы 4 мамырдағы №101 қаулысымен бекітілген Маңғыстау облысы бойынша тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде. Енді сіздің сауалыңызға орай айтсам, мемлекеттік тілді үйрену үшін барлық адамдарға мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлеріне облыста жыл сайын тілдерді тегін оқыту курстары жүргізіліп келеді. Жыл сайын жүргізілетін зерттеу нәтижелері тұрғындардың мемлекеттік тілді меңгеруі оң динамиканы көрсетті. Яғни, облыс тұрғындарының 97,7% мемлекеттік тілді меңгерген. Салыстырмалы түрде айтқанда, бұл көрсеткіш 2015 жылы – 92,02%, 2016 жылы – 93,4%, 2017 жылы - 94,1% болған еді. Облыс бойынша мемлекеттік тілді оқыту курсынан өткендер қатары жыл сайын арта түсуде. Мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдар қызметкерлеріне мемлекеттік тілді тегін оқыту курсы жүргізіліп келеді. Осы курстарда 1085 мемлекеттік қызметші мен мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлері оқыды. Сондай-ақ үш тілді ілгерілету аясында мемлекеттік қызметшілерге тегін курстар ұйымдастырылды. Курста барлығы 868 адам оқытылды. Қазақ тілін білу деңгейін анықтау мақсатында 2018 жылы «Қазтест» жүйесі негізінде тестілеуден 1062 адам өтті. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілер саны – 676 адам немесе тест тапсырғандардың 64%, қалған 386 адам – бюджеттік сала қызметкерлері. 2016 жылы – 1090 адам, 2017 жылы – 2100 адам тестілеуден өткен болатын. Ал мемлекеттік тілдегі құжат айналымына жүргізілген мониторинг нәтижесі жыл қорытындысы бойынша 99,3% жетті. Бұл көрсеткіштің өзі өсу динамикасын байқатты. - Қазақ тілін қарапайым тұрғындардың үйренуі үшін қолға алынған шараларға тоқталсаңыз. - Мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдаланылу аясын кеңейту мәселесіне келсек, былтыр мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 99,5% болған еді. Мәселен, облыстық «MAŃǴYSTAÝ» телеарнасы, «Маңғыстау» радиосы, «Маңғыстау-Медиа» ЖШС құрамындағы облыстық «Маңғыстау», Жаңаөзен қалалық «Жаңаөзен», аудандық «Жаңа өмір», «Мұнайлы», «Қарақия», «Ақкетік арайы», «Рауан» газеттері қазақ тілінде жарық көреді. Бір ғана «Огни Мангистау» облыстық газеті орыс тілінде шығады. Тілдерді қашықтан меңгеруге бағытталған интернет-ресурстардың қызметін танымал ету жөнінде жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында облыстағы барлық мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына tilalemi.kz, emle.kz, gujat.kz, sozdik.soyle.kz, kazakhtest.kz секілді сайттарды серіктес ретінде орнату, баннерін орналастыру жұмыстары жүргізілді. Облыстағы барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер басшыларына, қала/аудан әкімдеріне мемлекеттік тілді меңгеру мақсатында интернет ресурстарды қызметкерлер мен тұрғындар арасында кеңінен танымал ету, түсіндіру шараларын алу, сонымен қатар сайттарды тиімді контентпен толықтыру үшін материалдар жолдау тапсырылып, тиісті шаралар жүзеге асырылды. Соымен қатар мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдаланылу аясын кеңейту бағыты бойынша барлығы 130-ға жуық іс-шара өткізілді. Олардың кейбірін атап өтсем, мысалы, облыс тұрғындарының тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру мақсатында М.Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына орай «Мағжан оқулары» республикалық фестивалінің облыстық іріктеу кезеңі, Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық іріктеу кезеңі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында этнос өкілдерінің қатысуымен «Мемлекеттік тіл–достық тірегі» облыстық байқауы өтті Ал мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қолдану аясын кеңейту мақсатында облыс аумағында Қазақстан халқы тілдерінің күніне арналған «Тіл–татулық тірегі» атты фестиваль өтті. Фестиваль аясында облыстың қалалары мен аудандарында, мемлекеттік мекеме-кәсіпорындарында 120-ға жуық мерекелік шаралар ұйымдастырылды. «Мен қазақ тілін меңгергенімді мақтан тұтамын» жастар форумы, барлық жоғары және орта білім беру ұйымдарында А.Байтұрсынұлының туған күніне орай ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған тәрбие сағаттары, әдеби-сазды және танымдық-тарихи кештер, көрмелер, «Латын әліпбиі–рухани жаңғыру талабы» конференциясы, дәрістер мен дөңгелек үстелдер өткізілгенін айтпай кетуге болмас. Былтыр қарашаның соңғы күндері Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Маңғыстаудың төл перзенті Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығына арналған «Аңызға айналған абыз» көркемсөз оқу шеберлерінің ІІІ Республикалық байқауы өз алдына бір төбе. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 16 үміткер қатысты. - Бұқара арасында осынша шаралардың ұйымдастырылғанына қарамастан көшеде, кейбір көпшілік орындардың сыртқы жазуларында қазақша қате жазылғанын көріп қалатынымыз бар. - Ия, ондай олқылықтардың бірен-саран болса да кездесетіні рас. «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» ҚР Заңы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында облыстағы сыртқы жарнама, көрнекі ақпараттың және сауда, ойын-сауық орталықтары мен мейрамханалардағы, басқа да халыққа қызмет көрсету нысандарында ұдайы рейдтік шаралар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары және әдістемелік көмектер көрсетіліп келеді. Жалпы 2018 жылы 507 нысанға бақылау жүргізіліп, оның ішінде Заңға қайшы рәсімделген 59 нысан бойынша жарнама мәтіндерін және барлық жазбаша ақпараттарды, ас мәзірлерін тіл туралы заңнама талаптарына сәйкестендіру бағытында шаралар алынды. Қазіргі таңда 41 нысан бойынша Заң талаптарына сәйкестендірілді. Қалған 8-і кемшіліктерді түзету үстінде. - Әңгіме бағытын латын қарпіне көшу мәселесіне қарай бұрсақ. - Қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бойынша іс-шаралар жоспарын Маңғыстау облысы бойынша іске асырудың іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру, осы бағытта қоғамдық пікірді қалыптастыру мақсатында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша облыстағы қала-аудандарда мемлекеттік мекемелер, акционерлік қоғамдар мен өндірістік кәсіпорындар қызметкерлерінің және әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінің арасында 153 ақпараттық-насихаттау шаралары, семинарлар, көпшілік талқылау жұмыстары жүргізілді. Зиялы қауым, әртүрлі сала мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен тұратын арнайы ақпараттық түсіндіру жұмыс тобы құрылып, 2018 жылғы ІІ-ІІІ тоқсанда облыстағы барлық қала-аудандар тұрғындарымен, мекеме-кәсіпорындар қызметкерлерімен кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы өкілдерінің қатысуымен «Жаңа емле ережесіндегі дәстүр мен жаңашылдық» тақырыбында облыстағы қала-аудандарда, мемлекеттік мекемелер, акционерлік қоғамдар мен өндірістік кәсіпорындар қызметкерлерінің және әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінің арасында ақпараттық-насихаттау шаралары, көпшілік талқылау ұйымдастырылып, тілші ғалымдар жаңа әліпбиге көшудің мәні мен емледегі өзекті мәселелер жөнінде баяндама жасап, ереженің негізгі қағидаттарымен және басты жаңалықтарымен таныстырды. Жаңа әліпбиді халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында әлеуметтік желілерде пікірталас ұйымдастырылып, тұрғындар арасында сауалнама жүргізілді. Облыс халқына ақпараттық парақшалар, әдістемелік құралдар таратылды. - Енді маңғыстаулықтардың үшінші тіл—ағылшын тілін меңгеруі және елімізді мекендеген өзге ұлттар тілдерінің жай-жапсары туралы қысқаша айтып өтсеңіз. - Өткен жылы үкіметтік емес ұйым тарапынан жүргізілген зерттеу нәтижелері облыс тұрғындарыныңтілдерді меңгеруі бойынша оң динамиканы көрсетіп, ағылшын тілін меңгерген облыс тұрғындарының үлесі 15,6% болып тұр. Ал үш тілді, яғни, мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген облыс тұрғындарының былтыр 13,2% жетті. Бір жылда үш тілді меңгерген жастарды ынталандыруға бағытталған 37 шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ облыстағы этномәдени бірлестіктер өкілдері арасында фестивальдер, байқаулар да өтті. Тіл—адамдар арасындағы байланыс құралы десек, бұл шаралардың барлығы тұрғындардың өзара ынтымақ-бірлігін арттыра түсері анық. Сондықтан мұндай игі істер биыл да жалғасын табуда.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА