Маңғыстау ауданының 90 жылдық мерекесі қарсаңында ауыл ажарын айшықтай түсетін нысандардың саны тағы бір балалар ойын алаңымен толықты.
Маңғыстау ауданының орталығында орналасқан бұрынғы теміржолға қарасты 3, 4, 5 қос қабатты тұрғын үйдің жанындағы ескі сарайлар, үйілген тұрмыстық қатты қалдықтар Шетпе селосы әкімінің араласуымен өткен жылы толықтай тазаланып, орны тегістелген болатын. Енді бүгінде сол жерге әдемі балалар ойын алаңы бой көтерді. Сарайларды бұзу кезінде тұрғындардың наразылығы туындамас үшін ауыл әкімі М.Мүтәллапов бұл жерге балалар ойын алаңы салынады деп уәде еткен болатын. Бүгінде сырты үлкен қоршаумен қоршалған, балалардың алаңсыз ойнауына барлық жағдайы жасалған ойын алаңын көрген әр тұрғынның ризашылығы шексіз.
«Арман» БК өндірістік мекемесінің демеушілігімен бой көтерген ойын алаңында үйшіктер, әткеншектер, сырғанақтар орнатылып, балаларға қауіпсіз болуы үшін жерге құм төгілген. Мерейтой қарсаңында бүлдіршіндерге берілетін ойын алаңы шат күлкінің мекені болады деп сенеміз.
Сонымен қатар ауданның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген кәсіпкер азамат Сұңғат Мұңалбаевтың демеушілігімен тағы бір ашық спорт алаңы бой көтерді. С.Мұңалбаев басшылық ететін «BS Строй» мекемесінің көмегімен көлемі 20*40 шаршы метрді алып жатқан «Азамат» спорт кешеніне қарама-қарсы орналасқан алаң салауатты өмір салтын ұстанатын аудан жастарының сүйікті орнына айналатынына сеніміміз мол.
Өз тілшіміз