Бейнеу ауданының тарихына үңілсек, 1973 жылы 20 наурыздағы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Бейнеу ауданын құру туралы қаулысы жарияланған соң іле-шала ауданды ұйымдастыру бюросы құрылып, оны Арон Махуұлы Өтеуов басқарған еді. Одан кейін аудандық советтің сессиясында аудандық атқару комитетінің төрағалығына Дүйсембі Әріпов сайланды.
Осылайша жаңадан ауданды құру жөніндегі ұйымдастыру бюросы жұмысын жалғастырып, 11 сәуірде аудан коммунистерінің бірінші партия конференциясы шақырылады да, онда Бейнеу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Арон Махуұлы Өтеуов сайланған болатын.
Бейнеу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған Арон Махуұлы бұған дейін Гурьев облысының Маңғыстау, Ембі, Теңіз аудандарында совет атқару комитетінің төрағасы болып қызмет жасаған тәжірибелі басшы еді. Осы жерде біз сәл шегініс жасап, оның өмірдерегі жайлы мәліметтерге қарағанда, ол 1924 жылы Ресейдің Астрахань облысы Володар ауданындағы Долгино селосында дүниеге келген екен. Алғашқы еңбек жолын педагогтық қызметтен бастаған Арон Махуұлы 1941 жылы Гурьев облысының Бақсай ауданындағы мектепте 1942 жылға дейін жұмыс жасап,содан соң Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ол — соғыс майданында жеңіс күнін жақындатуға жаумен аянбай күресіп, ерлік көрсеткен жауынгерлердің бірі. Оның ерліктерін Ұлы Отан соғысында алған жауынгерлік наградалары дәлелдейді. Ол II дәрежелі «Отан соғысы», т.б. көптеген медальдармен марапатталған.
Жеңістің туын тігуге үлесін қосқан Арон Махуұлы соғыс аяқталған соң елге оралып, мұғалімдік қызметін жалғастырды. Соғыстан соңғы жылдардағы жалпы елге ортақ ауыртпалықтан арылуға бар күш-жігерін салып, еңбек майданында да атсалысқан ол жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолындағы педагогтық қызметінде жүріп, жыл өткен сайын білім беру саласында мамандығына сай тәжірибе жинақтаған Арон Махуұлы ұйымдастыру, іскерлік қабілетімен де танылған. Соның нәтижесінде лауазымдық қызметтерге көтеріле бастайды. Атап айтқанда, 1945-53 жылдары мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқара келе соңынан партия және совет қызметтеріне бет бұрған.
Сөйтіп 1953-61 жылдары Маңғыстау аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметінде сол кезеңнің талабына қарай партия жұмыстарында белсенділік танытып, шебер ұйымдастырушы, білікті басшы бола білген. Кезінде партия қайда жұмсаса да тартынбай, өзінің білімі мен ұйымдастыру қабілетімен аянбай тер төгіп, еңбек еткен қызметкер.
Әлқисса, жаңадан құрылып жатқан ауданның қаз басып, қатарға қосылып кетуі үшін ұшан-теңіз жоспарлы жұмыстар ұйымдастырып, ауданның дамуын жолға салуға бағытталған күрмеуі көп мәселелерді шешу алда тұрған еді. Міне осыған білек сыбанып, іске кіріскен аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитеттерінің алғашқы басшылары Арон Өтеуов пен Дүйсембі Әріпов ұйымдастыру жұмыстарын қолға алып, серіктестерімен қоян-қолтық еңбек ете бастайды.
Бейнеу ауданының алғашқы басшыларының жауапкершілігінде ең бірінші кезекте партиялық құрылымдарды жасақтаумен қатар аудандық деңгейдегі әртүрлі саланың жұмысын жүргізетін мекемелерді құру мен оларға білімді, ұйымдастыру қабілеті бар, халықпен етене жұмыс жасай білетін кадрларды іріктеп қою және мекемелерді орналастыру, оларды қажетті материалдық-техникалық базалармен қамту, әлеуметтік нысандардың құрылысын салу, т.б. толып жатқан кезек күттірмейтін қыруар шаруалар күтіп тұрды.
Бейнеу ауданы басшылары халықтың қамы үшін мігір таппай сол кездегі партиялық тапсырмалар негізіндегі әртүрлі сала бойынша белгіленген жоспарлы жұмыстарды іске асыру үшін зор жауапкершілік жүгін қара нардай көтеріп, міндеттерін абыроймен атқарғанын бүгінгі аға буын өкілдері жалықпай әңгімелеп, тарихи деректер айғақтап келеді.
Олардың өндірістік жоспарларды орындау жолында өздері дайындаған кадрларға деген сенімі мен қамқорлығы қатар ұштасып жатқан. Бұл кісілердің қайқайсысы да мекеме басқарған жас кадрларға өмірлік тәжірибесін үйретіп, ақыл-кеңесін айтып, ой-пікірлерін бөлісіп отырудан жалықпаған жандар.
Осы орайда жалаң жаққа сүйеніп, қызыл сөзді көпіртіп жаза бергеннен гөрі, кезінде ауданның алғашқы басшыларының ұйымдастыру шеберлігі мен жас кадрларға деген қамқорлығына тәнті болып, қанаттас жұмыс жасаған замандастары мен ізбасар інілерінің айтқан жылы лебіздерін, ой-пікірлерін бөліскен де артық болмайтын шығар. Оған мысал, сол кезде аудан басшыларының ұсынысымен Бейнеу аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған, еліміз тәуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдарда Қарақия ауданының әкімі, тағы да басқа басшылық қызметтерді атқарған еңбек ардагері, елге белгілі азамат Саламат Нұрұлы «...Бейнеу аудандық комсомол комитеті 1973 жылдың 17 сәуірінде болған аудан комсомолдарының I конференциясы қабылдаған қаулысы негізінде құрылды. Бейнеу ауданын құру жөніндегі ұйымдастыру бюросының төрағасы, ел танитын, Ұлы Отан соғысына қатысқан Арон Махуұлы Өтеуов мені қабылдағанда «Алдағы атқарылатын жұмыстарыңыз оңай емес, осы өңірдің тумасысың, жастық жігерің мен білімің аудан жастары арасындағы жұмысты жолға қоюға жетеді деп сенім артып отырмын, Тәжібаев жолдас та келісімін берді, ісіңе сәттілік тілеймін» деген жас маманға көрсеткен азаматтық үлгі, тәжірибелі басшының жас маманға көрсеткен қамқорлығы деп қабылдадым» дей келе, өзіне ағалық ақылын айтып, іс-тәжірибелерін үйреткен замандастары туралы жылы лебізін жеткізіп, жас кезіндегі еңбек жолдарын еске түсіріп жазыпты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Классика қалай жазылады?Сондай-ақ сонау Бейнеу ауданы құрыла бастаған шақта аудандық атқару комитетінің төрағасы, кейін Бейнеу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған қоғам қайраткері Дүйсембі Әріпов Бейнеу ауданының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында «...5-інші сәуірде өткен бірінші аудандық Кеңес сессиясы мен 11-інші сәуірде өткен бірінші аудандық партия конференциясынан кейін негізгі міндет аудан мекемелерін құру, шаруашылықтарды, өндіріс орындарын аралап, елдің жағдайын білу болды.
Бұл кездегі басты қиыншылықтардың бірі және бірегейі жаңа құрылып жатқан ауданның шаңырағын көтерісуге сай келетін кадрларды таңдай білу болса, екіншісі құрылғалы отырған мекемелерге Бейнеу кентінен орын табу еді. Бұған дейін Маңғыстау, Ембі, Теңіз аудандары Кеңес атқару комитеттерінің төрағасы болып істеген, өмір тәжірибесі мол, бір кезде Маңғыстауда өзімнің ұстазым болған Арон Махуұлы Өтеуовтың кадрларды таңдаудағы көрегендігі, аталған аудандағы кадрлардың бір қатарын жақсы білетіндігі шешуші роль атқарды. Соның арқасында аупарткомда, ауаткомда, мекемелерде алғашқы күндерден бастап еңбек етіп, ауданды құруға тікелей қатысқан кадрлар түгелге дерлік өздерін көрсете білді. Сенімге дақ түсірмеді десем артық айтқандық емес.
Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, кадрларға байланысты бірінші қиындықты осылайша шешіп отырған, ауданның жанжақты дамуына айтарлықтай үлес қосқан Арекеңнен басқарудың әр алуан қырсырларын үйреніп, ысылғанымды, парасатты ағаға деген үлкен ризашылық көңілмен айта аламын» деген екен.
....Иә, аудан құрылған алғашқы жылдардағы аудан басшыларының, соның ішінде біз жеке әңгімелеп отырған аупарткомның алғашқы хатшысы Арон Махуұлының жан-жақты қызметі мен адамгершілігі жайында ол кісімен үзеңгілес жүріп қызмет жасаған, оны өзі не ұстаз тұтқан Дүйсекеңдей ардагер, абыз ақсақалдан асып, әсірелеп артық айтуға болмас. Өйткені ауданның алғашқы жылдар дағы қалыптасуының жай-жапсарын білетін, ұйымдастыру жұмыстарының «ыстығына күйіп, суығына тоңып», ауданға бірнеше жыл басшылық жасаған Дүйсекеңдей білетін адам болуы екі талай. Сол үшін «Дүйсекеңнің сөзі шындықтың көзі, аудан тарихының бір парағы» деп ұққанымыз дұрыс.
Кәрісбай ӘДІЛ