©
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасының шалғай елді мекендерде жүзеге асырылуына жаңа серпін беру мақсатында Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин және республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі, белгілі этнодизайнер Ырза Тұрсынзада агенттіктің аумақтық департаменті қызметшілерімен бірлесіп, ауданға ат басын тіреді. Арнайы мониторинг топ өкілдері аудан активтерімен кездесіп, топтың негізгі мақсаттары мен міндеттеріне, қоғамдағы өзекті мәселеге айналған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы шаралар жүргізу, мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен әдебі, мемлекеттік қаржының мақсатты жұмсалуына бақылау жүргізу жайында сөз қозғады.
- Ақиқатты ашып айтатын, шындықты шырылдап жеткізе алатын, ешкімге тәуелсіз, қоғам қайраткерлерінен құрылған агенттік жанынан арнайы мониторингтік топ құрылды. Топ елімізде жасалып жатқан жұмыстардағы кемшіліктер мен көрсетіліп жатқан қызметтің сапасы қандай деңгейде, халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап жатқан мекемелердегі кетіп жатқан олқылықтар қандай екенін қоғаммен бірге бақылайды. Қазақстандағы барлық өңірлерді аралап жүріп, ат басын Маңғыстауға бұрдық. Біздің өңірлерді аралаудағы басты мақсатымыз-халықтың ой-пікірлерін тыңдайық, мемлекеттік қызметті қайтсек дамытуға болады, жемқорлықты қайтсек жеңуге болады деген сұраққа ұсыныстары болса, хатқа түсіріп алып кетейік деп, біздің көрмей, білмей отырған тұстарымызды көнекөз қарияларымыз байқап, бізге ақыл айтар деген оймен келдік.
Агенттіктің ең бірінші назарда ұстап отырғаны - мемлекеттік қызметшілердің қызмет әдебі. Біздің алдымызға мұң, зарын арқалап, мың сан сұрағымен, «ойбайымен» келген адамға айғаймен қарсы алатын болсақ, әкесіндей адамға әкіреңдеп сөйлейтін болсақ, ондай мемлекеттік қызметші төбесі көкті тіреп тұрса да аяғы жерді тіреп тұрса да мемлекетке қажеті жоқ. Біздің міндет - халыққа қызмет. Халық сұрағына сапалы жауап беруіміз қажет. Сондықтан алдымызға сұрағын арқалап келіп отырған әрбір адаммен мейірімділік, кішіпейілділік танытуымыз керек. Сөзіміз бен ісімізден бейәдептілік кетпеуі керек. Биыл Маңғыстау облысы пилоттық режимде басқа облыстарға қарағанда 2-2,5 есе жалақы алып отыр. Көп адам ойлайды, жалақы көбейсе, жемқорлық азаяды деп. Бірақ адамда қанағат болмаса, жалақы мөлшерімен мәселені шеше алмаймыз. Біздің басты мақсатымыз - халыққа көрсетіліп отырған мемлекеттік қызметтің сапасын жақсарту. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 452 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Соның 61 пайызы халыққа электронды түрде қолжетімді. Бұрын бір қағазға бола уақытын жұмсап, әркімнің қас, қабағына қарап, әркімнің кабинетін жағалап жүретін халық енді электронды түрде үйінен шықпай-ақ қызметті ала алады. Бұл туралы әрине халыққа қызмет көрсету орталығында халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Қазақстанның кейбір елді мекендерінде интернет мәселесі өзекті болып отыр. Қаншама электронды түрде қолжетімді болатын құжаттарды пайдалана алмай отырған елді мекендер, аудандар бар. Бұл мәселе 2020 жылға дейін толық шешімін табады.
Қазақстанның кез-келген азаматы осы айтылған мәселелер бойынша сұрақтарымен, ұсыныс, пікірлерін бізге айта алады. Біздің агенттіктің есігі баршаға ашық. Тіпті агенттіктің басшысына тікелей шығуға құқылы. Агенттікте қоғамдық бірге бақылау картасы жобасы қолға алынып жатыр. Қазынадан бөлінген қаржыны қоғаммен бірге бақылаймыз. Яғни кез-келген ауылда мемлекеттің қаржысына жасалынып жатырған жұмыстың қаржысы діттеген жерге жетпей жатқанын байқасаң бізге хабарласыңыз. Қазіргі таңда біздің агенттікке күніне жүздеген хаттар түседі. Соның 90 пайыздан астамы расталуда. Бұл бір-біріміздің кемшілігімізді әшкерелеу емес, мақсат ашық болу және халықпен бірге бақылай білу.
Сонымен қатар агенттік кәсібін енді ғана бастап келе жатырған кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіп жатыр. Кез-келген кәсіпкерге бөгет жасайтын болса, қасақана құжатына қол қоймай әуре-сарсаңға салып қойса, бірден біздің агенттікке хабарласыңыздар.
Ендігі көптің көкейіндегі сұрақ, жемқорлық мәселесі. Жемқорлық – қоғамның дерті. «Елімізде жемқорлық азайып келе жатыр ма? Көбейіп келе жатыр ма?» деген сұраққа жауап берейін. Күні кешегі 9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 1577 жемқорлық фактісі тіркелген. Бұл цифрдан қаншама адамның темір тордың ар жағына қамалғанын білуге болады. Әрине, жемқорлардың қолына кісен салынып жатыр, бірақ агенттіктің мақсаты ол емес, жемқорлықтың алдын алу. Қазынадан бөлінген қаржының бір тиыны назардан тыс қалмайтынын ескерту. «Есті адамға айтқан сөз-шыңға тіккен тумен тең, ессіз адамға айтқан сөз-құмға құйған сумен тең» демекші, осы айтылған сөздер айдалаға кетпей, болашақ ұрпақты ұрлыққа емес, адал ақшамен нан табуға үйретіп, тәрбиелеуіміз керек. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, тәрбие мен тәртіпті балабақша мен мектептерден бастау керек. Жемқорлық, адалдық тақырыбында түсінік жұмыстары мен сұхбаттар ұйымдастырылуы керек. «Бәйге алмайтын тұлпардан белі жуан бесті артық, парадан жиған дүниеден, адалдан жиған ешкі артық» демекші, насихат жұмыстарымыздың аздығынан ұлтының ұлы болар азаматтарымыз, құлқынның құлы болып бара жатыр. Сондықтан насихат жұмыстарын күшейтіп, қылмысқа барайын деп жатқан азаматтың қолына кісен салудан алып қалуға күш салуымыз керек. «Ұрлықпен ақша тауып, жүзігің алтын болғанша, жүзің жарқын болсын» демекші, жемқорлықпен күресу агенттіктің шаруасы деп сырттан отырып сынамай, халық болып күресіп, білекті түріп кірісейік, - деді.
Арнайы мониторингтік топ агенттік жанынан құрылған. Оның құрамында бірде-бір мемлекеттік қызметшілер жоқ. Қазақстанның өңірлерін екінші рет айналып, халыққа көрсетіліп жатқан электронды қызметтің сапасы, электронды түрде көрсетілетін қызмет жайында өңірлерде халыққа түсінік жұмысы жүргізіліп жатыр ма? Халық пайдалана ала ма? Қандай кемшіліктер бар?» деген мақсатта халықпен кездесуге келген топ аудан активтерімен кездескеннен кейін Маңғыстау техникалық колледж студенттерімен пікір алысты. Болашақ қызметшілердің ой-пікірлерін тыңдап, ұсыныстарын білді. Мұнан соң биыл ғана ашылған №7 мектеп лицейін аралады. Лицейдің құрылысына сын айтып, кемшін тұстарын қағаздарына түртіп алды. Аудандық аурухананың құрылыс сапасына да мін айтып, ескерту жасады. Мұнан соң халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, жұмыс барысымен танысты.
Елімізді жайлаған жемқорлық мәселесі 2016 жылдан бері 20 пайызға дейін азайған. Әлемдік Transparency International шетелдік сарапшы ұйымы 180-нен астам мемлекетке сараптама жүргізіп, қай мемлекетте жемқорлық азайды, қай жерде көбейді деп баға беріп отырады. Сол ұйымның 2016 жылдың қорытындысымен берген бағасы бойынша Қазақстан 131 орынға тұрақтады. Халықпен бірлесе жасалған нақты жұмыстардың нәтижесінде бір жылдың ішінде 9 сатыға көтеріліп, Қазақстан 122-орынға тұрақтады. Осы жерде сұрақ туындауы мүмкін, 131-ші орын мен 122-ші орынның айырмашылығы қандай? 131-ші орын жемқорлық жайлаған ең қауіпті мемлекеттердің қатарына енеді. Ал 122-ші орынға келгенде қауіпті аймақ қатарына қосылмайды. Шетелдік алпауыт компаниялар бір елге қаржысын құяр алдында осындай Transparency International ұйымы секілді сарапшы ұйымдардың сараптамасына жүгінеді. Қауіпті мемлекеттер қатарында тұрған елге шетелдік компания инвестиция құймай, еліміздің экономикалық дамуына кері әсерін тигізеді, - дейді А.Бердалин бізге берген сұхбатында. БҰҰ-ның арасында 2018 жылға жасаған қорытындысы бойынша электронды дамыған мемлекеттер арасында Қазақстан 193-мемлекеттің ішінде 39-орында болса, Азия бойынша 8-ші орыннан көрініп тұрмыз.
Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Демократиялық қоғам жағдайында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады» деп атап көрсетті. Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырып, жемқорлық іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігін әр бір азамат нақты білулері қажет.
Ж.АМАНҚҰЛОВА