©
1985 жылдың шілде айы. Аспан айналып жерге түскендей, аңызақ аптап жалындап тұр. Қырық күн шілденің өрттей шарпып, әбден күшіне мінген осынау кезінде жаңадан ашылған Бейнеу аудандық газетінің редакциясында да жұмыс қызып тұрған еді. Топ-топ болып хат келіп жатады, газеттің еңбекші хаттары бөлімінің меңгерушісі болғандықтан сол хаттардың тағдырына басты жауапты адамның бірі менмін.
«Бір тойым бар»
Әдеттегідей хаттармен айналысып, бірін тіркеп, бірін оқып жатқан едім, кабинетке орта бойлы дембелше, қап-қара шашын қайырып қойған бір ағай кірді. Ақжарқын, жылы жүзді кісі өзінің аты-жөнін Ыбырай Юсупов деп таныстырды. Газеттің ашылғанына қуанып, арнайы құтты болсын айта келіпті.
- Ойпырым-ай, бұл күнге де жеттік-ау, аудандық газет деген өте керек басылым ғой, көптен күтіп жүр едік, құтты болсын, бас редакторларыңнан бастап құттықтап келемін. Қаламдарың қарымды болсын, - дейді.
Ойлап қоямын, дәу де болса өлең жазатын ауылдағы ақындардың бірі шығар деп. Ол кісі ойымды оқығандай «Айналайын, қарағым, мен ақын емеспін, бірақ ақындыққа жақын адамның бірімін, ақындардың оның ішінде Төлегеннің өлеңдерін соншалықты сүйіп оқимын, - деп, «Бір тойым барды» дүркіретіп оқи жөнелсін.
Өлең тыңдап дүр сілкіндік. - Иә, ағай, сонымен әдебиетші мұғалім болдыңыз ғой, шамасы?- Жоқ, айналайын, мен мамандығым бойынша физика пәнінің мұғалімімін, бірақ қазір мектепте емес, басқа салада жұмыс істеймін, аудандық статистика бөлімінің меңгерушісімін.
Ыбырай ағаймен осылай таныстық. Ол кісі газеттің тұрақты авторларының бірі болды. Сол алғашқы кездесуден бері де отыз үш жылдан астам уақыт өтіпті-ау. Сонау жылдарда Бейнеуде өтетін тойлардың асабасы да Ыбырай ағай еді. Тойларды «Бір тойым бар» өлеңін оқып бастау - ол кісінің қалыптасқан әдеті еді. Талай жастың жұп болып, отау тіккен мерекесін дүркіретіп өткізіп берген, оған бір тиын да алмайтын тегін асаба еді. Көңілі кең жайлаудай, апшып ашуланғанын, қабақ шытқанын көрмеппін. Үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, тонның ішкі бауындай араласып жүретін көпшіл кісі, қамқор ағаны үлкен адам деп жүрсек, сол кезде бар болғаны 35 жаста екен.
Сан қырлы еңбек жолында
Осыдан 45 жыл бұрын Бейнеу ауданы құрылған кезде Ақтөбе педагогикалық институтының физика-математика факультетін «Қызыл дипломмен» бітіріп келген жас маман Ыбырай Диқанұлы да келіп, іске кіріскен еді. Алғашында Ақжігіт ауылындағы мектепте физика пәнінің мұғалімі және мектеп-интернатта директор қызметін атқара жүріп, Ақжігіт селосындағы клубтың мәдени-көпшілік шараларын ұйымдастыруға белсене атсалысты. Мұндай жұмыстармен айналысуға тәжірибесі жеткілікті болатын, себебі студент кезінде институтта Ыбырай Алтынсарин атындағы жастар ұйымын құрған, қоғамдық негізде институттағы жастарды басқарып, комсомол комитетінің жетекшісі болған, тәрбиелік мәні жоғары пікір алысу кештерін өткізетін, ақтөбелік ақын - жазушылармен, «Дос-Мұқасан» ансамблімен кездесуді өткізуге де мұрындық болған. «Жас келсе, іске» деген, Ақжігіттегі ауыл клубында жетпісінші жылдардың ортасында Ыбырай Диқанұлы ұйымдастырған «Ал, қане, қыздар!», «Жігіттер сайысы» жұртшылықты сүйсіндірді. Ұйымдастырушылық қабілеті мықты, өнер десе, ішкен асын жерге қоятын, жалындап тұрған жас жігіт таптырмайтын керек кадр ретінде аудан орталығына шақырылды. Алдымен аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінде меңгеруші қызметін атқарды. Көп ұзамай аудандық комсомол комитетінің 1-ші хатшы қызметіне сайланды. Жаңа құрылған ауданның алғашқы жылдардағы қым-қуыт, қабаттасып жататын шаруасына белсене араласып, әлеуметтік-экономикалық саланың дамуына күш-жігерін арнады. Сырғыған уақыт, отызға аяқ басқан соң жастар жетекшісі болған қызметін аудандық статистика бөлімі бастығы қызметіне ауыстырды. Одан соң жоспарын орындай алмай тұралап жатқан аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры болып, оның жұмысын да жолға қойды. Ұйымдастырушылық қабілетінің және адамдармен тіл табысқыш мінезінің арқасында кілең өзге ұлт өкілдері жұмыс істеп, басқарған, құрылыспен айналысатын атышулы «СМУ-5» және бұрын Бейнеу линиялық өндірістік басқармасы, кейін «АқтауТрансгаз» аталған мекемеде басқарма бастығының орынбасары болып қызмет жасады. Он үш жылдан астам уақыт өндірістік орындарда қызмет жасаған Ыбырай ағайға тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда қиындықты бастан кешкен ауданның мәдени саласын қайтадан көтеру жұмыстары тапсырылды. Сөйтіп ол жаңа ғасыр басталар сәтте аудандық мәдениет қазыналық кәсіпорнының директоры болды. Осы қызметті үш жылдай атқарған соң «Жасым болса елуге таяп қалды, өнердің ортасында жарқылдап жастар жүруі тиіс, о басындағы қалап, оқыған ұстаздық кәсібіме қайта оралайын» деп шешкен еді. Сол кезде ауданда жаңадан Бейнеу бастауыш мектебі ашылып, оған ұйымдастырушылық қабілеті мықты басшы керек болып жатқан. «Іздегенге сұраған», ағай бұл жұмысты оң қолдай үйіріп, жолға қойған. Одан соң Үстірт орта мектебінің директоры, кейін Абай орта мектебінде директордың орынбасары қызметін атқарды.
Шекарашылардың ақылман ағасы
Жаңа ғасыр Бейнеуге де ерекше жаңалықтарымен келді. Соның бірі — ҰҚК-нің шекара отрядының Бейнеуге келіп орнығуы. Бұл жаңалыққа өте қуанған Ыбырай аға баяғы аудандық газет ашылған кездегідей ақ тілегімен алып ұшып, әскери қызметшілерді іздеп барып, «Қош келдіңдер!» деп, әкелік ақ тілегімен аңқылдап, бауырына тартты. Жаңа жерге келіп, алғашында табиғаты да, тіршілігі де басқашалау өңірге тосырқай қараған шекарашыларға қоныстың киесін, жергілікті салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтың жүйесін тілге тиек етті. Сөйтіп алғашқы күннен бастап шекарашылармен байланыс орнатты. Ондағы ойы - тәуелсіздіктің арқасында болып жатқан осы бір игілікті өзі еңбек ететін мектептің шәкірттеріне, жастарға патриоттық тәрбие беруге пайдалану болатын.
- Апырым-ай, баяғыда осы шекараны батыр бабаларымыз қорғап еді, енді бүгін мына өрімдей жас сарбаздар қорғайтын болды. Мектеп бітірген жастардың көпшілігінің әскерге баруға ынтасы болмайтыны жанға қатты батып жүрген мәселе еді. Енді мынау сарбаздардың өмірін жастарға үлгі ету керек, - деді. Ыбырай аға байланыс жасаудың әдістерін де тапты. Әр мереке сайын жас өнерпаздардың басын қосып, тәрбиелік мағыналы, қызықты шаралар ұйымдастырып, шекарашылардың ортасынан табылатын болды. Маңғыстаудың қырындағы жергілікті халықтың жомарт кең пейілін шекарашылар Ыбырай аға арқылы таныды, ұлттық өнердің бір қыры «Жеті қайқының» әндерін, Есір, Құлшар күйлерін Ыбырай аға ұйымдастырып, алып барған мерекелік концерттерден тыңдап, білді. Мектептен «Шекарашының жас досы» атты үйірме ашуға мұрындық болды. Арада тығыз байланыс орнағаны соншалық шекара отряды мектепті қамқорлығына алып, демеушілік жасады. Қаламы қолынан түспейтін Ыбырай аға шекарашылардың өзі көріп, куә болған үлгілі істерін жазып, басылымдарға жариялауды да қағыс қалдырмады. Алғаусыз қызмет ескерусіз қалған ба, шекара отрядының басшылығы Ыбырай Юсуповті ҰҚК Шекара қызметінің 1-2 дәрежелі «Шекара әскерлерінің үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Еңбек жолында қай уақытта да алғыс пен мерейге бөленіп, марапат алып келе жатқан ағай үшін бұл төсбелгілердің орыны бөлек еді.
«Көпшейітке», арыстарға қызмет
Ел үшін шыбын жанын пида еткен арыстардың басына белгі қойып, кесене, ескерткіш орнатуда, баба рухын қастерлеп, өлке тарихын түгендеуде көп іс тындырған адамдардың бірі Ыбырай Диқанұлы еді. Тірлігінде кіші жүзге аты мәлім болған Әли Балтадан кейінгі Адайдан шыққан Шегем Түрікпенбай балуанның өміріне қатысты деректерді жинап, кесене орнатты. Өз тұсында ілім таратып, дін дарытқан, машайық-махпуз жол ұстанған Ақпан Алдияр ишан жерленген қорымға зияраттап баруыма сол жолы Ыбырай аға себепші болған еді.
Кең Жылыой өңірінде «Көпшейіт» аталатын қорым бар. Бұлай аталуына қарағанда мұнда жаугершілік заманда нахақтан қаны төгіліп, қапияда қырылған шейіттер жерленсе керек. Осы қорымды қоршап, Адай шежіресінде аты ойылып жазылып қалған Шәртікен, Бірмағанбет бабалардың басына кесене орнатып, рухына қызмет етіп, азаматтардың басын қосып, игілікті істі ұйымдастырған да Ыбырай аға. Төңірекшың жерінде, Егіндібұлақ мекенінде Көлденең тауда мешіт салып, мүриттерге сауап сабақ берген Шегем Әми, Қараш Ыбырайым ахун сияқты ілімділердің ұстазы болған Қайырша ахунның басына ескерткіш тақта орнатуға атсалысты. Туған өлкеге, руханиятқа қызмет етуге жүрегімен берілген физик, қаламгер «Ұрпақ — ұлт болашағы», «Шегем Түрікпенбай балуан», «Ерлер есімі — ел есінде», «Ой, күндер-ай жылжыған», «Шегемнің ақындары», «Қанғабай мерген», «Өлеңім — өмірім» атты жеті кітап жинақтап шығарды.
Елге қызмет етуден аянбаған Ыбырай аға отбасында да үлгілі әке, бақытты отағасы болды. Сонау жетпісінші жылдардың басында Ақтөбе педагогикалық институтында өзіменен бірге оқыған Мереке атты қызбен бас қосып, ата-ана атанып, Ләззат, Шара, Гүлшат, Гауһар, Асылбек, Ұлболсын атты балаларын тәрбиелеп өсірді. Мереке апай ұзақ жылдар бойы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып, абыройлы қызмет атқарды. Бес қызын құтты орнына қондырып, Асылбегі Гүлжан атты келін әкелді. Көзқуанышы болып Арайлым атты немересі, жиендері дүниеге келді.
Түйін
Қазақта «Оңы мен солы бірдей», «Майлығы мен сулығы бірдей», «Сегіз қырлы бір сырлы», «Жақсы көпке ортақ» деген тәмсілдер бар болса, осы теңеулер ауданның мәдени-әлеуметтік, экономикалық дамуы саласына қызмет арнаған, жалпыға ортақ ұлттық рухани іс-шараларды ұйымдастырып, баба тарихтың тұлғаларын ұлықтап, кесене тұрғызып, шығармалар жазып, қысқа ғұмырында көп іс тындыра білген Ыбырай Юсуповке қатысты айтылғандай. Әлбетте «Қамшының сабындай қысқа өмір» деп жатады. Ыбырай ағаның осынау азды-көпті ғұмырында тындырған істері ұрпаққа үлгі боларлық еді, алдына мақсат етіп қойған істері баршылық болатын. Өзі күтіп жүрген үлкен мереке - ауданның 45 жылдығына жете алмай осы жылдың 13 мамырында бүйрек сырқатынан дүниеден өтті.
Айнахан ЕСЕТ