©
Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқып жүргенде ұстаздарымыздың: «Еңбек жолын газеттен бастаңдар. Мерзімді баспасөзде шыңдалған журналист радиода да, телеарнада да жұмыс істей алады» деген сөзі жадымда жатталып қалған-ды. Еліміздегі озық оқу орнын бітіріп, қолыма диплом алғаннан кейін журналистиканың қай саласына бет бұратынымды білмедім. «Қазақстан» РТРК» АҚ және облыстық «Қазақстан Ақтау» арнасынан бірнеше жыл қатарынан оқу-танымдық, өндірістік тәжірибеден өтсем де, табиғатым телеарнаға сай келмеді ме, әлде Кәкен Хамзин, Бауыржан Жақып, Дәмегүл Баялиева, Айгүл Рамазанова, Рима Жақсылықбаева сынды ұлағатты ұстаздардың шекпенінен шыққан шәкірт болғандықтан ба, әйтеуір газетте жұмыс жасауға ынта-ықыласым да, талпынысым да мол болды.
...2012 жылдың қараша айы болатын... Облыстық қоғамдық-саяси «Маңғыстау» газетінің бас редакторы Маңдайлы Өзенбайқызының кабинетінің есігін имене қақтым. Жылы шыраймен, салиқалы, байсалды кейіппен қарсы алған Маңдайлы апаймен таныстықтан кейін, аз-кем әңгіме өрбітіп, тапсырмалар алдым. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде «Маңғыстау» газетіне бірді-екілі хабар-ошарларым жарық көргенімен, мақала жазуға машықтанбаған едім. Маңдайлы Өзенбайқызының «Біздің басылымға жас мамандар жиі келе бермейді, келсе де редакциядан берілген тапсырманы орындауға қиынсынады» деген сөзі мені жігерлендіріп, қанаттандыра түсті. Талпынып, талдап жазған материалдарым газет бетінде басылып, сынақтан да сүрінбей өттім. Бірде Маңдайлы апаймен әңгіме үстінде Маңғыстау ауданы әкімдігінің сайты құрылып жатқанын, интернет ресурста жұмыс жасауға аудан әкімі Жармағанбет Қайырмағанбетұлынынан шақырту алғанымды айттым. Ол газеттің Маңғыстау ауданындағы меншікті тілшісі Бірғали Байекеев ағамыздың зейнеткерлікке шығуына байланысты ағайдың орнына баруымды құп көрді. Сөйтіп, 2012 жылдың желтоқсанында үлкен үміт пен жауапкершілік жүгін арқалап, Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе селосына жол тарттым.
Аудандағы жаңалықтарды жалпақ жұртқа жеткізуге жұмыстанып жүргенде, 2013 жылдың ақпанында «Маңғыстау- Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылғандығы жайында хабар жетті. Сол уақытта белді басылымның бірқатар меншікті тілшілері қысқарып, аудандық газеттерге ауыстырылды. Солардың қатарында мен де бар едім...
Журналистік қалым қарымымен қалың оқырманға танылған талай азаматтың ұстаханасы болған, шығармашылық еңбектерін шыңдаған «Жаңа өмір» газетінің ұжымы мені жылы қарсы алды. Жаңа ортада жатсынбай, газеттің бас редакторы Күбірбай Ұзақбай, фототілші Хадис Қорабаев, тілшілер Рзагүл Серікбаева, Айнагүл Сейітова, Лаура Тындырғанова, хатшы Раушан Деменова сынды әріптес аға-апаларыммен ақпарат айдынына ілесіп кеттім.
Аптасына бір рет жарық көретін 4 беттік басылым болса да, қоғамдағы көкейкесті мәселелерді көтеріп, жетістіктерді жариялаумен қатар кемшіліктерді де өткір сынға алды. Сонысымен де ағартушы Ахмет Байтұрсыновша айтқанда халықтың көзі, құлағы һәм тіліне айналды. Әрбір ай басталғанда тілшілердің тізе қосып, ақылдасуымен ауданның тыныс-тіршілігін, тарихы мен мәдениетін және әлеуметтік салалардағы жетістіктер мен кемшін тұстар сараланып, жоспар құрылатын. Көзі қарақты оқырмандар газеттің қандай қияпат еңбекпен жарық көретіндігін біле бермейді. Сәрсенбі сайын жарыққа шығатын газетте бас редактордың сүзгісінен өткен материалдарды жинақтап дайындайтынбыз. Басылым оқырманның қолына тигенше мақаланың жазылуы, өңделуі, безендірілуі тәрізді бірнеше сатыдан, сұрыптаудан өтеді. Осылайша, ойлы оқырманның ойын дөп басып, халықтың жүрегінен жол тапқан басылымның бетінде ұжымдық жұмыстың жемісі жатыр. Мәселен, газет тілшісі Лаура Тындырғанова жазылған материалдарға ұтқыр, оқырманды бірден өзіне тартып алатындай тақырыпты тауып қоятын. Әріптесім Рзагүл Серікбаева мәселенің мәйегін ашып, талқы таразына салғанда сүйкей салуға ұрынбай, талдап жазатын. Суреттерді сөйлетіп, газеттердің көркемделуіне күш салатын Хадис Қорабаев та өз ісінің шебері еді. Тілші Айнагүл Сейітова қалам тербеген тақырыптар да оқырманға ой салып, көптің көңілінен шықты. Бас редактор Күбірбай Жалғасұлының берген бағыт-бағдарының арқасында қашан да айтары халықтың үнімен астасып жататын арда басылымның асқан асуы, бағындырған биігі көп болды. Бұл күнде «Жаңа өмірдің» жаңа белеске биіктеуіне басымдық беріп, шығармашылық ұжымның шыңдалуына еңбек сіңірген, газет сөзінің салмағын сезінткен ұстазымызды үлгі тұтамыз. Бас редакторымыз Күбірбай Ұзақбай: «Журналист әрқашан да киім киісімен, жүріс- тұрысымен халыққа үлгі болуы керек» деп айтып отыратын.
Маңғыстау ауданының төл айнасына айналған басылымда байырғы қаламгерлердің ізін басқан жаңа толқын журналист болып 1,5 жылдай уақыт жасаппын. Журналистер ұстаханасы болған ұяда жөнді жол сілтеген журналист аға-апаларымның арқасында мақала жазуға машықтанып, сан-салалы тақырыпты қаузауға төселдім. Келер желтоқсанда «Жаңа өмірім» 75 жасқа толады. Қазақ журналистикасының қазанында қайнап, газеттің қабырғасынан небір от ауызды, орақ тілді ақын-жазушыларды, журналистерді түлеткен 75 жылдық тарихы бар қарт басылымда менің де қолтаңбам қалғанына мақтанамын. Аудан айнасының мерейлі шағында «Жаңа өмір» газетінің ұжымын, озық ойлы оқырмандарды газеттің 75 жылдық мерейтойымен қызу құттықтаймын. Газет ұжымына еңбекте шалқар шабыт, шығармашылық ізденіс, шаңырақтарына шаттық тілеймін.
Уақыт өткен сайын үйде сақталған аудандық газеттің тігінділері, сарғайған беттері тым ыстық болып көрінеді. Кемелденген өмір мектебі мен жалындаған жігерге толы қаламгерлер ортасынан шыққан газеттің әрбір нөмірін әлі күнге дейін асыға күтемін...
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ «Маңғыстау» газетінің тілшісі