Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту орталығы мен жастар ресурстық орталығының бірлестікте ұйымдастырған Жастар практикасы бойынша бос жұмыс орындар жәрмеңкесі бірнеше жұмыссыз жастың үмітін оятып, еңбек етуге зор мүмкіндік жасады.
Жәрмеңкенің талабы бойынша 2015-2017 жылы оқу бітірген 16-29 жас аралығындағы түлектер үшін 42 мекемеден 200-ден астам бос жұмыс орны ұсынылып, мемлекеттік қызмет, медицина саласы, білім беру, қаржы, құқықтық, өндірістік т. б. мекемелер және жеке кәсіп иелері заңгер, қаржыгер, менеджер, мұғалім, бағдарламашы, медбике секілді мамандарға сұраныстар қабылдады.
Серік ҚОЖАХМЕТОВ, Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы:
- Хабарландыруды әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жариялаған сәттен бастап-ақ, қызығушылық танытып, телефон соғып, хат жазғандар өте көп болды. Мұндай жәрмеңкелер жыл сайын ұйымдастырылады. Бір байқағанымыз, халықтың көп бөлігі осыдан бейхабар. Тек қана жастар практикасы емес, қазір мемлекет жұмыспен қамту бағытында түрлі бағдарламалар ұсынып отыр. Жастарға айтарымыз, сондай шаралардан қалыс қалмай, белсенділік танытса. Бүгінгі бақтарын сынап келген барлық жасқа сәттілік тілеймін.
Жәрмеңкеге халыққа қызмет көрсету орталығының атынан келген Еркін АЙТУОВ:
- 3 мамандық бойынша сұраныс қабылдап жатырмыз. 3-еуі де заңгер мамандығы. Түйіндеме тапсырушылар өте көп, бірақ соның ішінде көпшілігінің оқу бітірген уақыты 2015-2017 жылдарға сай келмейді. Ережеге сәйкес түйіндемелерді қабылдап, жұмыспен қамту орталығына тапсырып жатырмын. Ендігі кезекте маманды олар жолдайды, - дейді.
Жастар арасындағы жұмыссыздық - бүгінгі күннің ең бір маңызды проблемаларының бірі екендігін жәрмеңкеге ағылған жастардың көптігінен-ақ аңғаруға болады. Байқағанымыз, мұнай саласындағы мекемелердің өкілдері жайғасқан үстелдің айналасына үміткерлердің көптігінен жақындау мүмкін емес.
- Қаладағы арнайы білім беретін оқу ордаларының бірін бітірдім. Мамандығым - дәнекерлеуші. Міне, бір жылдан асты екі қолға бір күрек таба алмай жүрмін. Мұнай кәсіпорындарына жұмысқа орналасуға мүмкіндік жоқ. Жаңа да біраз мекемелерге түйіндемемді тастадым, «Хабарласамыз» деп алып қалды. Білмеймін, үміттен гөрі күдік басымырақ, себебі мұндай жауапқа әбден құлағымыз үйреніп кеткен, - дейді есімін айтқысы келмеген жәрмеңкеге қатысушы.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстаулықтар ҰОС тұтқынға түскен туыстары туралы мәлімет ала аладыАйгүл СИСЕНБАЕВА, қала әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы басшысының міндетін атқарушы:
- Жәрмеңке нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының ІІІ бағыты аясында қала әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы және жастар ресурстық орталығымен бірлесіп жастар практикасын ұйымдастыру мақсатында өткізіліп отыр. Шараға 150-ден астам адам қатысып, нәтижесінде 3 жас маман мамандығына сәйкес 6 ай мерзімге, тәжірибе алуға «ӨзенМұнайСервис» ЖШС және «Кен-Құрылыс-Сервис» ЖШС мекемелеріне жолданды, - дейді.
Гүлсая ҚОЙЛЫБАЕВА, жолдама алушы:
- Жаңаөзен политехникалық колледжін «Әлеуметтк жұмыс» мамандығы бойынша 2017 жылы аяқтап, қалалық жұмыспен қамту орталығына тіркелдім. Бүгін «Өзенмұнайсервис» ЖШС-на өз мамандығым бойынша жолдама алып жатырмын. Орталыққа жас мамандарды жұмыспен қамтып жатқаны үшін үлкен рахмет айтамын.
Айжан НАСЫРОВА