9 мамыр күнгі Ұлы Жеңіс сарбаздары мен тыл ардагерлерін ұрпақтары ұлықтаған мереке түстен кейін облыс әкімі Ералы Тоғжановтың Жаңаөзен қаласында жұмыс сапарымен жалғасты.
Лұқман хакім қарапайымдылықтың жеті сипатының бір белгісін ізгілікке құштарлық деп бағаласа керек. Расында да, қарапайымдылықтан туындайтын ізгілік - адамгершілік, мейірбандылық, қайырымдылық, жанашырлық қасиеттердің жиынтығы. Мереке күні аймақ басшысы жүрегінде қаяуы бар жандарды ұмытпай, олардың жағдайын сұрап, қол ұшын беріп, сый-сияпатымен ғана емес, ізгілігімен бір қуантып тастаған күн болды.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастаған топ алдымен Теңге ауылында тұратын №11 орта мектеп оқушысы 2007 жылы туған Динара Тынымбайдың үйіне барып, мерекемен құттықтап, гүл шоқтарын ұсынды. Сонымен қоса, Динараға заманауи мүгедек арбасын сыйға тартты.
Өткен жылғы Жаңаөзен-Теңге тас жолында ауыр жарақат алған Динара екі аяғынан айырылған еді. Содан бері облыстық, қалалық әкімдіктің тікелей бақылауында ем-домын алып, демеушілер тарапынан да көмек көрсетілуде. Кешегі сәуір айында АҚ «ӨзенМұнайГаз» демеушілігімен Ресейдің Курган қаласында ем қабылдап келді. Емен жарқын Ералы Ұлықпанұлымен амандасып, жай-күйін баяндаған кішкентай ғана оқушының мұқалмаған жүзін көріп, көзіңе жас іркілгенмен, оның алып жүрек иесі екендігіне тәнті болдық.
Теңге ауылында тұратын №17 орта мектептің оқушысы 1999 жылы туған Бекарыс Досжановтың да хал-жағдайын біліп, мереке күнімен құттықтап шыққан облыс әкімі отбасына «Астана» шағынауданындағы М.Жұмабаев көшесіндегі 27Б көпқабатты тұрғын үйден бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: О.Қосай «Ұлттық код» танымдық формуласын таныстырды (ВИДЕО)Сонымен бірге, осы үйден тағы бір бір бөлмелі пәтердің кілтін І топтағы мүгедек Людмила Башкеноваға тапсырды.
Облыс әкімінің Жаңаөзен қаласының 2018-2022 жылдарға арналған апатты және тозығы жеткен үйлерін жою бағдарламасы аясында «Арай» шағынауданында жоспарланған «Бейбітшілік» кешенінің құрылысымен танысты.
Жаңаөзен қаласында бой көтергелі отырған жаңа кешен құрылысы биыл басталып, 2022 жылы толық аяқталады деп күтілуде. Жоспар бойынша 2018-2019 жылдары 4 үй, 216 пәтер құрылысы аяқталса, жоба соңында жалпы көлемі 75190 м2 болатын 23 үй, 1376 пәтер тұрғындарға қолданысқа берілмек. Бұл кешеннің тапсырыс берушісі «ЭйДжейСомраny» ЖШС болса, мердігерлері «Көкбөрі-82» ЖШС мен «Мангыстау-Строй» ЖШС.
Аймақ басшысы сапар соңында Жаңаөзен қаласындағы Ұлы Отан соғысының ардагері Кеңесбай Еңсегеновтың шаңырағында болып, айтулы мерекемен құттықтап 4 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.
Жаңаөзен-Ақпарат