© Сайт архивінен
Қазір қажетті құжаттарды реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары құжаттар реттелген соң басталады. Бұл туралы облыс әкімдігінің телеграм каналына ауыл тұрғынының жолдаған шағымына жауап берген Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылы әкімдігінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Желі қолданушысының айтуынша, Ақшұқыр ауылындағы Сәрсенов көшесінде орналасқан балалар ойын алаңының жөндеу көрмегініне біраз уақыт болған. Ауыл тұрғыны аудан әкімшілігіндегілерге ойын алаңының әбден тозығы жеткенін айтып шағымданып, жөндеп беруін сұраған.
Желі қолданушысының шағымына Ақшұқыр ауылы əкімдігінің өкілдері жедел жауап беріп, мәселенің шешілу барысы туралы хабардар етті. Жауаптылардың мәлімдеуінше, аталған ойын алаңы тозығы жетіп, қайта құрылымдауды қажет етіп тұрған нысанның бірі. Қазір ойын алаңын қайта құрылымдауға жобалық-сметалық құжатын жасақтау үшін ұсыным берілді. Алдағы уақытта қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілетін болады, дейді Ақшұқыр ауылы əкімдігінің өкілдері.
- Облыс әкімдігінің телеграм каналына Ақшұқыр ауылының тұрғыны хабарласып, осы ауылдың Сәрсенов көшесіндегі тозығы жеткен ойын алаңына жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұраған. Аудан әкімдігі тұрғынның сауалына дер кезінде жауап беріп, мәселенің қашан шешілетінін айтты. Жалпы, облыс әкімдігінің телеграм каналы ашылғаннан бері 7184 сұрақ келіп түсті, оның 7154-не жауап берілді. Телеграм каналға 10 039 адам тіркелген, - дейді Балнұр Нұрымқызы, МО ӘА «Қоғамдық коммуникация орталығы» КММ ақпарат және брифинг ұйымдастыру бөлімінің маманы.