Қарақия аудандық орталық ауруханасы наурыз мерекесі қарсаңында заманауи жабдықталған реанимобильді автокөлікпен қамтылды.
Осыдан бір жыл бұрын зауыттан жаңа шыққан автокөлік Жаңаөзен көпбейінді ауруханасына берілген болатын. Алайда тұрғындардың қажеттілігіне байланысты бұл көлік енді Қарақия ауданына берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
— Бұл біздің көптен күткен мақсатымыз еді, бүгін орындалды. Енді, тұрғындарымызды қолайлы жағдайда тасымалдайтын болдық.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жумиров Аманбек Қабдешұлына және Жаңаөзен көпбейінді ауруханасының басшысы Серік Еламанұлы Асқаровқа өз атымнан, аудан тұрғындары атынан зор алғыс білдіремін, - деді Қарақия орталық ауруханасы басшысы Аман Сүлейменұлы.
Ауруханаға келген жаңа басшының жақсы жаңалықтары бұл ғана емес. Жақында демеушілік көмек арқылы хирургия бөліміне жарық шамдар алғызып, бөлімше отаға қажетті құралдармен қамтылды. Бұйырса, мамыр айында Алматы қаласынан білікті хирург дәрігер келеді деп күтілуде. Келетін хирург дәрігерлер отбасы болғандықтан, ұжым бірден екі маманмен толықпақ.
Сондай-ақ ауруханаға тіс дәрігері келіп халыққа қызмет етуде. Стоматология кабинеті де заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылды.
Аурухана басшысы сондай-ақ, компьютерлік томография, УЗИ, рентген аппараттарын алуға тапсырыс жасалып қойғанын, жыл соңына дейін бұған да қол жеткізетіндерін айтты.