21 наурыз «Наурызнама» он күндігінің аясындағы сегізінші күн - Ынтымақ күні. Осыған орай Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев Мұнайшы және Жетібай ауылындағы Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамына арналған мерекелік шараға қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрі жаңарып, табиғат-ана да адамзатқа мейірім шуағын төгетін тамаша кезең – наурыз айы еліміз үшін ең бір берекелі, мерекелі ай. Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы, Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз елімізге тыныштық, жерімізге молшылық, әрбір отбасыға бақ-береке, ырыс-құт әкелсін!,- деді өз құттықтауында аудан әкімі Сымбат Төретаев.
Мерекелік шара одан әрі «Наурыз тойы - мереке, салт - дәстүрім береке» атты концерттік бағдарлама мен жыр кешіне ұласты.
Сонымен қатар тұрғындарға ұлттық тағам наурыз көже мен бауырсақ ұсынылып, қазақи дәстүрді дәріптейтін қойылымдар сахналанды.
Арқан тарту, асық ату, гір тасын көтеру, қол күресі сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.