Аудан орталығы Құрықта Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Наурыз көктем, жылдың басы»атты мәдени жиын өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Орталық алаңда ретімен құрылған киіз үйлер сән түзеп, алыстан көз тартып, алаңның ажарын ашып, жиналған қауымға көңіл күй сыйлады. Жиналғандардың қарасы көп болып, бір-бірімен көрісіп жатты. Аудан халқы мерейлі мерекені ерекше шаттықпен тойлады.
Мейрам аясында аудан әкімі Сымбат Төретаев, тұрғындарды наурыз мерекесімен құттықтап, бұл мереке ізгілік пен бірліктің, татулықтың мерекесі екендігін атап өтті.
- Қадірлі қарақиялықтар! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке. Биыл Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен ұлттық-рухани өрлеу бағытында «Наурызнама» онкүндігі жүзеге асуда. Жылдың басы – Амал мерекесінен бастап Ұлыстың ұлы күніне дейінгі әр күннің өз атауы, өз ерекшелігі бар. Ынтымағы жарасқан елдің ырысы мол болсын. Бұл – ұлтқа, дәстүрге зор құрмет деп білемін. Жас ұрпақ ата дәстүрімізді дәріптеп, салтымызды сақтай берсін. Әр шаңыраққа қыдыр қонып, бақ дарысын! Ұлыс оң, ақ мол болсын!- деді аудан басшысы Сымбат Төретаев.
Мәдени шара облыстық «Ақжарма» фольклорлық ансамблі және аудан өнерпаздарының дайынған мерекелік бағдарламасына ұласып, жастарымыз қой көтеру, асық ату, қол күресі, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түсті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, мерекелік шараны тамашалауға келген ағайынға, арнайы дастархан жайылып, ұлттық тағамдарымыз наурызкөже мен бауырсақ ұсынылып, ұлттық дәстүрді дәріптейтін қойылымдар сахналанды. Сондай-ақ,мерекелік шарада ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Күн мен түн теңесіп, жер-жаһан жайма шуақ рахат нұрына бөленетін осынау ұлы мерекені қарсы алған аудан тұрғындары ел мен жердің амандығын тілеп, ақ баталарын берді.