«Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Ақтау қаласында орналасқан 3502 әскери бөлімінің әскери қызметшілері үшін қысқы оқу кезеңін қорытындылау сынағы басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
“Бұл сынақ барысында олар негізгі әскери пәндер бойынша сынақ тапсырып, өздерінің кәсіби біліктілік деңгейін көрсетулері керек.
Аталмыш сынақ жыл сайын қайталанып отырады. Әскерилер жыл бойына түрлі оқу-жаттығуларға қатысады, полигондарда далалық шығу кезінде әскери машықтарын шыңдап, денешынықтырумен үзбей айналысады. Сонымен қатар командалық-штабтық жаттығулар, жауынгерлік сайыстар өткізіліп, әрбір әскери қызметші жеке-жеке практикалық және әдістемелік сынақтан өтеді”, деп мәлімдеді «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.
Қорытынды тексеру аптасы әскери қызметшілерінің теориялық білімдерін тексеруден басталып, ату алаңында, спорт қалашығында жалғасын тапты. Сынақ нәтижесі бойынша әр әскери қызметшіге жеке-жеке баға қойылып, содан әскери бөлімнің жауынгерлік дайындығына жалпы баға шығарылады.