Ақтауда бір топ белсенді "Шаңырақ құндылығы - татулықта" атты жобаны бастады. Жоба аясында қоғамдық орындарға ескерткіш орнатылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жоба жетекшісі Дархан Жұмағұлдың айтуынша, ескерткіш отбасылық құндылықты насихаттауға және тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтатуға, тату-тәтті жанұя елдің іргесі екенін жастарға түсіндіру мақсатында орнатылады.
- Жоба белсенділердің, еріктілердің бастамасымен, қала тұрғындарының қолдауымен іске асады. Біздің мақсат - қаламызды көркейтуге, абаттандыруға және әрбір тұрғынға отбасындағы бақытты сақтауына себепші болу. Ескерткішті орнатуға 6 млн теңге қажет, ал қазіргі таңда 2 млн теңгеге жуық қаражат жиналды. Осы бастамамызға барлық тұрғын қаржылай қолдау көрсетуге мүмкіндігі бар, - деді Дархан Жұмағұл.
Ескерткішті орнатуға Ақтау қалалық әкімдігі рұқсат берген. Бұған дейін көшбасшылық бағдарламаның белсенді қатысушылары жаяу жүргіншілер жолағы мен оның бойындағы балалардың суретін, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт алаңын, қарттар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар туристердің сүйікті орнына айналған "I love Aktau" инсталляциясын және т.б жобаларды орындаған.
Егер "Шаңырақ құндылығы - татулықта" жобасына қолдау көрсеткіңіз келсе, 8 (747) 169 24 66 Динара Т нөміріне қалаған қаражатты аударып, үлес қоса аласыз.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА