
Ақтауда 23 мамыр күні «АЭЖБ» МКК қызметкерлері 16 және 19 шағынаудан арасындағы автомобиль жолында қазу жұмыстарын жүргізеді. Осыған байланысты аталған аралықтағы жол жабылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазу жұмыстары 19 шағынаудан «Royal house» тұрғын үй кешені мен 16 шағынаудан 90 үйдің аралығындағы автокөлік жолында жүргізіледі. Осыған байланысты 09:00-ден бастап түске дейін 16 шағын аудан жағындағы жолдың бағыты, ал түстен кейін сағат 18:00-ге дейін 19 шағын аудан жағындағы жолдың бағыты уақытша жабылады.
ГПП- 3Г-дан ТП19-01ге баратын кабельден жиі ақау шығуына байланысты және кабельдер жолдың астымен өтетіндіктен «АЭЖБ» МКК бригадасы жерді қазып, кабельдің үстінен гильза (труба) тастау жұмыстарын жүргізеді.
Ақтау қаласы әкімдігі және «АЭЖБ» МКК келтірілген қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұрайды.