Қарақия ауданы Құрық ауылының жастары Рамазан айында бір отбасыға қуаныш сыйлап, баспана кілті мен үйге қажетті барлық тұрмыстық техникаларды табыс етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспаналы болған Гүлнар Көпжасова ұзақ жылдар бойы әлеуметтік жатақханада тұрған, бір баласы ерекше балалар санатына жатады. Бүгінде 3 балаға тәлім-тәрбие беріп отырған жалғызбасты ана. Жанұяның осы жағдайын ескерген ауыл жастары оларға 3 бөлмелі пәтер кілтін табыстады.
Қайырымдылық шарасына аудан басшысы Сымбат Төретаев, аудандық мәслихат төрағасы Жанғабыл Қалаубай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Бекниязов қатысып, қасиетті Рамазан айымен құттықтады.
- Барша мұсылман қауымының мүбарак айы – Рамазан айының соңғы күнінде, қуанышты, ерекше әсер сыйлайтын сәтте тұрмыз. Рамазан – адамзат баласын татулық пен бейбітшілікке, мейірім мен ізгілікке үндейтін қадірлі ай. Сондай-ақ, рамазан айы – тек, оразаның сауабына кенелетін ай емес, адамзаттың ізгілікке бет бұратын айы. Жасап жатқан қайырымды істеріңіз, ізгі амалдарыңыз қабыл болсын!, - деді аудан әкімі Сымбат Төретаев.
Аудан басшысы мейірім мен көмек күткен жандарға қолдау білдіріп, бірлік пен игілікті істерге атсалысқаны үшін ауыл жастарына ризашылығын жеткізіп, жаңа қоныс иелеріне ас үй пешін сыйға тартты.
Шара барысында, ауыл жастары ауылдың ардагер ұстаздарына, спорт, құқық қорғау саласының майталмандарына және ұзақ жылдар бойы жедел - жәрдем көлігінің жүргізушісі қызметін атқарып келген ел ағаларына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Одан бөлек, ауылда алғаш имамдық және шырақшы қызметтерін атқарған, бүгінде бүтін бір елдің ақылшы ағасына айналған Ертарғын Досанұлына кіші умра қажылығын сыйлады.
Сондай-ақ, ауыл жастары ұйымдастырған шараның соңы ләңгі тебу, қол күресі, арқан тарту сынды спорттық сайыстарға ұласып, ауызашар дастарханы да жайылды.