Полиция қызметкерлері соңғы уақытта өздерін медициналық қызметкер ретінде таныстырып, WhatsApp мессенджеріне қоңырау шалып, хабарлама жіберетін алаяқтар пайда болғанын және олардан мейлінше сақтану жайын ескертті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Алаяқтар ел тұрғындарына диспансерлеуден немесе флюорографиядан өтуді ұсынады.
«Олар ыңғайлы уақытты таңдап, сіздің тіркелгеніңіз жайлы хабарламаны алу үшін ұялы телефоныңызға келген SMS-код айтуыңызды сұрайды. Ешқандай жағдайда кодты айтпаңыз. Себебі, сол бойынша алаяқтар сіздің жеке кабинеттеріңізге қашықтан кіріп, дербес деректерге қол жеткізіп, несие рәсімдей алады», - деп жазылған хабарламада.
Полицейлер бұл алаяқтар бұрын да өздерін банктің қауіпсіздік қызметкері немесе полиция қызметкері ретінде таныстырып, ел тұрғындарының мазасын алғанын атап өтті.
«Бұл туралы жақындарыңызға, әсіресе егде жастағы кісілерге ескертуді ұмытпаңыз. Қаражатыңыз өз қолыңызда!» - деп жазылған хабарламада.