Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы өңірдегі жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыру барысында балаларды тегін спортпен қамтуға жаңа өтінімдер қабылданатынын мәлімдейді. Бұл туралы mangystaumedia.kz басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Мемлекеттік спорттық тапсырыс арқылы балаларды спортпен тегін түрде қамтуды жүзеге асыру барысында «Damu Bala» платформасы арқылы 7 наурыздан бастап жаңа өнім берушілердің өтінімдерін қабылдауға мүмкіндік ашылады.
Ал 9 наурыздан бастап балаларды тегін түрде спорттық секцияларға қабылдау жүргізіледі. Қазіргі таңда бұрыннан жұмыс атқарып келе жатқан өнім берушілердің өтінімдері қаралып, құжаттарды тіркеу барысында жаңа заңға сәйкес жаңарту процесстері аяқталуда.
«Damu Bala» платформасында жаңа мемлекеттік тапсырыс туралы қағидаға сәйкес балаларды ЭЦҚ кілт арқылы қабылдау және табельге қол қою функциясы бар. ЭЦҚ болғандықтан ата анаға тікелей ақпарат барып, әр ата ана өзі қол қоя алады.
«Damu Bala» платформасы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінен ресми түрде тексерістен өткен. Сол себепті де, жүйе пайдаланушыларының сеніп тапсыратын жеке деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.