Жетісу облысында " еркін күрестен 15 жасқа дейінгі (U-15) жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында Сағынбай Мұхамбетали 41 кг салмақта сынға түсіп қола медалға ие болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ол боз кілемге бес рет шығып, Түркістан, Алматы, Жетісу облысының палуандарын айқын жеңіп, жартылай финалда алматылық Дамир Қалиге есе жіберіп, үшінші орын белдесуінде Батыс Қазақстан облысының өкілінен басым түсті.
Мұхамбетали Бейсенбайұлы еркін күрестен спорт шеберлігінен үміткер. Алғашқы жаттықтырушысы Еламан Кұрбанкұлов. Мұхамбетали Алматыдағы "Шаңырақ" республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің сегізінші сыныбында оқып жүр.
Айта кетейік, әйелдер күресінен (U15) ел чемпионатында маңғыстаулық Шынарай Орынғали (33 кг) мен Асылай Дәулет (39 кг) - II орын, Эльмира Сыздықова (53 кг) және Анастасия Воробьева (54 кг) мен Мия Микайлова (58 кг) - III орын алған еді.
Айбек МҰХАНОВ