Алда Қазақстан халқын үлкен жауапты кезең күтіп тұр. Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауда дауыс беру - елді жаңа бір тарихи кезеңге бастамақ. Маңғыстау облысынан Мәжіліс депутаттығына мажоритарлық жүйе бойынша өзін өзі ұсынған Абылай Бекқажы өңірде тіркелген ең жас үміткер ретінде тіркелген. 26 жастағы Ақшұқыр мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі алда үлкен мақсат жолында аянбай еңбек етуге бел буып отыр. Сайлау қарсаңындағы үгіт-насихат жұмыстарын атқарып жүрген Абылай Бекқажы mangystaumedia.kz сайтына арнайы сұхбат берді.
- Өңірде сайлау округі бойынша өзін өзі ұсынған ең жас үміткер екенсіз. Өзіңізді таныстырып өтсеңіз...
Мен Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Ақшымырау ауылында 1997 жылы дүниеге келдім. 2008 жылы Ақшұқыр ауылына қоныс аударып, осында мектеп бітірдім. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих факультетіне түсіп, бакалавр, магистр дәрежесін иелендім. Соңғы үш жылдан бері Ақшұқыр мектеп-лицейінде мұғаліммін.
Жеке кәсіппен де айналысып, студент шағымнан баспа ісімен шұғылданып жүрген жайым бар. Қазіргі “Жаңа Қазақстан” қоғамында өз-өзімді ұсынып, Мәжіліс сайлауда бақ сынаймын деп шештім.
- Сайлауға түсу саяси дода әрі оның жауапкершігі жоғары. Қазір жұртпен кездесуде қандай мәселелер туралы айтып жүрсіз?
Білім, кәсіпкерлік саласында шешілмей жатқан түйткілді мәселелер жетерлік. Мәселен, кәсіпкерлікті қолдаймыз деп айтылғанымен барлық адамға бірдей мүмкіндік туа бермейді. Сайлауалды бағдарламасында солардың жайын көтеріп жатқан жайым бар.
- Сайлауға түсетін бір округте қанша адам бар?
Маңғыстау облысы бойынша бір округта 11 адам бармыз. Солардың ішінде ең жасы мен екенмін. Ешкім кедергі болып жатқан жоқ. Құжат бойынша бәрі дұрыс болды. Декларацияны ойдағыдай тапсырдым. Тиісті жарнаны төледім.
- Алда қандай мәселелерді көтеруді басты мақсат етіп отырсыз?
Ең бірінші мәселе білім саласын көтеремін. Маңғыстау облысында да, Қазақстан бойынша да үш ауысымдық мектептер көп. Алты жүз бала оқитын білім ошақтарында екі көп оқушы білім алып жатқан жайттар аз емес. Мектептерде бір сыныпта отыз балаға дейін отыр. Оларға сабақ беру бір мұғалімге өте қиын. Бір ауысымды мектепке айналдырып, қосымша секцияларға қатысуға мүмкіндік туады. Мектептердің ашылуы көптеген жас мұғалімдердің жұмыспен қамтылуына мүмкіндік туады. Жұмыссыздар саны да едәуір азаяр еді. Одан кейін кәсіпкерлік бойынша көптеген гранттар бар дегенімізбен, олардың барлығы қол жетімді емес.
Мысалы, жұмыссыз адамдар немесе осал топтар немесе асыраушысынан айырылған адамдар деген талаптары бар. Ал жұмыста жүрген адамдар, қарапайым күзетшілер секілді адамдар кәсіп ашқысы келгенімен, олар жұмысы бар адам ретінде оған қол жеткізе алмайды. Әрі ол үшін белгілі бір мүлікті кепілге қою керек. Қазіргі жағдайда көптеген адамдарда кепілге қоятын мүлік жоқ немесе ауылды жерлердегі үйлер оған жарамайды. Осындай мәселелерді қайта қарап, кәсіпкерлерге көп көмек берілуі керек. Алда көтеретін мәселем негізінен осылар.
Ауыл шаруашылығында құдық қазу үлке мәселеге айналған. Тұрғындар ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияны қалай алу керегін біле бермейді. Екіншіден, оның өзіндік талаптары бар. Мысалы, бес жүз гектар жері, оның елу ірі қара малы болуы керек деген талаптары бар. Ондай мүмкіндіктер көбінде бола бермейді. Біреудің жері болса, оған жететін малы жоқ. Маңғыстауда су тапшы болғандықтан шама келгенше барлығына бірдей көмек берілуі керек. Елімізде ауыл шаруашылығы еліміздің экономикасын көтеретін бірден бір негізгі сала. Кеше қуаңшылықтың кезінде жағдайды көрдік. Бізде ветеринарлық екпелердің өзі дұрыс салынбайды. Мысалы, Ақтөбе, БҚО өңірлерінде өте жақсы дамыған. Маңғыстауда осы жағы кемшін түсіп отыр. Мәселен, Маңғыстаудан Оралға мал апарған шаруалардың малын көліктен түсірмей қойған жағдайлар болған. Сондықтан өңірде ветеринарларды жақсылап дайындау керек.
- Мектептер жайын айтып қалдыңыз. Осы жағын кеңінен тарқата кетсеңіз...
Қазір мектептерде ерекше білімді қажет ететін оқушылар өте көп. Олар бізде барлық балалармен бірге оқиды. Оларға бөлек тапсырма беріледі. Олармен бөлек жұмыс жасауы керек. Оның талаптары болғанымен, арнайы педагогтарды дайындау қажет. Сыныптағы балалармен бірге оқығандар олар сабақты бірде түсініп, бірде дұрыс қабылдамай жатады. Сол үшін ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған мектептерді ашу керек және олар үшін арнайы оқыған педагог мамандарды көбейту керек. Біз курстардан өткенімізбен ол арнайы оқыған мамандардың орнын толтыра алмаймыз. Бұл бөлек сала болғандықтан кейде біз баланың мүмкіндігін шектеп алуымыз мүмкін. Мысалы, сау балаға білім береміз деп ерекше оқушылардың жайын назардан тыс қалдырып аламыз.
- Мұндай шешімге қалай келдің?
Бір ағаларымыз “сендер елдің жайын айту үшін бе әлде өздеріңді таныту үшін түсіп жатсыңдар ма?” дегенді айтып қалды. Осындай түрлі сындар айтылуы заңды да. Кешегі Желтоқсан оқиғасында Қайрат Рысқұлбектің айтқаны, одан әріде өмір сүрген Сұлтанмахмұт атамыз жиырма жасында “Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам” деді емес пе? Өзімнің атам да он жеті жасында майданға аттанып, ел қорғады. Солардың қаны болар, қоғамдағы нәрселерді көріп отырғандықтан айтпай, бұғып қалу деген дұрыс нәрсе емес шығар деп санаймын. Демократиялық жаңа Қазақстанды құрамыз деген жолда белді бекем буып отырған жайымыз бар.
- Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде үгіт-насихат жұмыстары барысында түйдіңіз?
Жастарға деген ел сенімі мол екенін ұқтым. Кеше Жетібайдағы кездесуде ақсақалдардан байқадым. Газ, жол, жарық, жұмыссыздық мәселен айтып жатыр. Біз белгілі науқан кезінде ғана араламай, үнемі танысып, жағдайды шешуге ат салысу керек деп есептеймін.
- Неліктен Мәжілісті таңдадыңыз? Мүмкін аудандық, қалалық, облыстық мәслихатты таңдауға болмас па еді?
Мәслихаттан да бастауыма болар еді. Алайда билік жастардың бар екенін біліп, қарымдылардың бар екенін көрсету үшін осы жолды таңдадым. Болашақта еркін, ашық Қазақстанды құруға ат салысқым келеді.
Абылай Бекқажының сайлау қорының қаражатынан төленді