Бүгін Ақтау қаласының алғашқы құрылысшыларының бірі - Рубен Григорянның туғанына 105 жыл толды. Осыған орай қаланың дамуына зор үлес қосқан азаматтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Салтанатты шараға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов және Рубен Григорянның көзін көрген қала тұрғындары қатысып, естеліктерімен бөлісті.
-Рубен Григорянның еңбегі - Ақтау қаласының тарихында үлкен мәнге ие. Себебі ол 1961 жылы Ақтауға келіп, қаланың құрылысын жүргізуге айтарлықтай үлес қосқан. Қаламыздағы барлық инфрақұрылым жүйесі, сонымен қатар әлеуметтік, мәдени нысандар мен тұрғын үйлер - осы азаматтың еңбегінің жемісі. Сол себепті қаламыздың дамуы мен гүлденуіне үлес қосқан азаматтың еңбегін дәріптеп, келер ұрпаққа үлгі ретінде жеткізу - біздің міндет, - деді Ә. Байпақов.
Шара «Ехпайрутюн» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Курдоглян Айрапеттің бастамасымен ұйымдастырылған.
-Бүгінгі іс-шара Рубен Григорянның 105 жылдығына арналды. Ол - Шевченко қаласының құрылысына алғаш жетекшілік еткен жан. Бүгін осы азаматқа құрмет көрсетуге жиылып отырмыз. Біз - қаламызбен мақтанамыз! Сондықтан әрбіріңізді қаламызды қорғауға және келер ұрпаққа аманат етуге шақырамын, - деді ол.
Шара барысында қонақтар естелік әңгімелерімен бөлісіп, Рубен Григорянның қала үшін сіңірген еңбегін дәріптеуге шақырды.