Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен әлеуметтік идеялар байқауы өтіп, жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқаудың іріктеу кезеңінен өткен 8 команда қазылар алқасының алдында өз жобасын қорғады.
Қатысушылар әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған түрлі тақырыпта, яғни, қоршаған ортаны қорғау, инклюзивті балаларды оқыту және қоғамға бейімдеу, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану бойынша жоба қорғады.
Қатысушыларға «Aktownx» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Нұрсұлтан Мырзабек, Маңғыстау облысы «Қоғамдық коммуникация орталығының» басшысы Аида Абулханова, Маңғыстау облысы білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Жәния Сармурзина, «Нұр-Али» құрылыс мекемесінің басшысы Аслан Қалақанов қазылық етті.
Байқауда жобаның сапасы, идеяның өзектілігі мен жобаны қорғау деңгейі бағаланды. Нәтижесінде Маңғыстау политехникалық колледжінің студенттері көш бастады. Жеңімпаз команданың жобасы ерекше күтімді қажет ететін балалар мен жасөспірімдерге арналады. Яғни, оларды қоғамға жан-жақты бейімдеп, оқшауланбауы үшін жағдай жасауды мақсат еткен. Жоба қазіргі таңда жүзеге асып жатыр. Соның аясында ерекше жандарды өңірдің көрікті жерлеріне экскурсияға шығарып, қайырымдылықпен айналысуда.
Ал 2-орынды Бейнеу гуманитарлық экономикалық колледжі қанжығаға байлады. 3-орынды Каспий өңірі «Болашақ» колледжі иеленді.
Жоба жеңімпаздарын мотивациялық кездесуде Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Батырхан Қуанышбеков марапаттады.
Еске сала кетейік, байқаудың мақсаты – жастардың өмірлік маңызды бар дағдыларын (командалық жұмыс, коммуникация және көшбасшылық) және әлеуметтік жобалау дағдыларын дамыту. Идеялар тоғысатын байқауға 14 команда өтінім берген болатын.