Маңғыстаудағы ауылдарда көшпелі құм тоқтату мақсатында 3328,9 га аумаққа сексеуіл отырғызылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Атап айтсақ, Сенек ауылының айналасында 1288 га, Үштаған ауылында 648 га, Тұщықұдық ауылында 940 га, Шебір ауылында 451 га аумаққа сексеуіл отырғызылды. 2008 жылға дейін жүргізілген жұмыстарды Алматы қаласының география институты атқарды. Одан кейінгі жұмыстарды «Жасыл Әлем» ЖШС (бұрынғы «Жасыл әлем» МКК) жүргізді.
Қазіргі уақытта егілген қара сексеуілдерді әрі қарай күтіп ұстау мақсатында 2022 жылы 11 шілдеде Маңғыстау облысы әкімдігінің «Басқа санаттағы жерлерді орман қоры жерлеріне ауыстыру туралы» қаулысы шығып, жасыл аймақта қорғауға Бейнеу ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі МКК-ның меншігіне беруге шешім қабылданды. Осы орайда, Бейнеу орман мекемесіне 4 орманшы(әр ауылға бір орманшыдан) және 8 көмекші қызметкер алынды.
Сонымен қатар 2018 жылы Маңғыстау ауданының Жарма, Сауысқан және Сазды ауылдарын құм көшкінінен қорғау жұмысы бойынша аймақты зерттеу және шығындарды есептері жасақталды. Үш ауылға дайындалған 6 жылдық жоба бойынша барлығы 134,02 га жерге 327 152 (сексеул – 40%, жүзгін – 30% және томирикс - 30%) өсімдіктерін өсіруге конкурс жарияланды. Нәтижесінде жеңімпаз анықталып жұмыстарын бастап кетті.
Сондай-ақ, сексеуіл Қошқар ата қалдық қоймасының айналасына да отырғызылып жатыр. Атап айтсақ, Басқұдық ауылының санитарлық-гигиеналық, экологиялық жағдайын және микроклиматты тұрақтандыру үшін 2015-2020 жылдары «Қошқар-Ата» қалдық қоймасының оңтүстік-батыс бөлігіне жалпы аумағы 88,2 га жерге қара сексеуіл және жүзгін отырғызылып, жасыл желек өсірілді.
Сонымен қатар, «Қошқар-Ата» қалдық қоймасына жақын орналасқан елдімекендердің санитарлық-гигиеналық, экологиялық жағдайы мен микроклиматын тұрақтандыру мақсатында 2020-2025 жылдарға «Қошқар-Ата» қалдық қоймасы айналасында ауданы 150 га (ұзындығы 15 шақырым ені 100-150 м) жасыл қорғаныш аймағын құру бойынша жоба жасақталды.
Жалпы, сметалық құжаттамада 150 гектар жердің төрт жасыл қорғаныш аймағына 400 000 қара сексеуілді отырғызу жоспарланған. 2021-2023 жылдарға аумағы 40 га №5 жасыл қорғаныш аймағын құру жобасын іске асыру үшін Маңғышлақ тәжірибелік ботаникалық бағымен келісімшарт жасалды. Аталған жобаға қаржы облыстық бюджет есебінен қолдау тапты.
Қазірге кезде, учаскенің барлық периметрінің аумағына әр 4 метр қашықтықта биіктігі 2 метр болатын ағаш тіректерін сегіз қатарына металл сымымен (3,8-4 мм) қоршау жұмыстары жасалып, 40,0 га аумаққа 100 000 дана қара сексеуіл көшеттері толық егілді. 2023 жылға дейін 30 000 түп сексеуілмен толықтырылады.
2022-2024 жылдарға аумағы 40 га №6 жасыл қорғаныш аймағын құру жобасын іске асыру үшін Маңғышлақ тәжірибелік ботаникалық бағымен келісімшарт жасалды.
Жалпы, өңірде 5 жылда 5850 гектар мемлекеттік орман қоры жеріне сексеуіл тұқымын себу арқылы 1 950,0 мың түп ағаш өсіру жоспарланған. 2022 жыл бойынша 4,4 тонна тұқым себу жұмыстары жүргізілді. Бұл жергілікті бюджеттен қаржыландыруды талап етеді.