Мүлігі ұрланған ұйымның директоры қылмыскерлерді қолға түсіргені үшін полицияға алғыс айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
«Жезкенконтракт» ЖШС директорының атынан Маңғыстау облыстық ПД бастығы, полиция генерал-майоры Аян Дүйсембаевқа алғыс жолданды. Хатта Қарақия аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері арызына дереу ден қойып, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қылмыстың ізін суытпай ашып, қылмыскерлерді анықтап, ұрланған мүлікті мекемеге қайтарғаны айтылады.
Оқиға қыркүйектің 7-нен 8-іне қараған түні болған. Белгісіз тұлғалар Кендірлі демалыс аймағының дәл маңайында «Жезкенконтракт» ЖШС-не тиесілі 20 тонна қара металды тиеп, ұрлап кеткен. Жедел іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 44 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындады. Аталған факт ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс тергелуде. Күдіктіге қатысты «үй қаммаққа алу» бұлтартпау шарасы таңдалды.