Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті Қарақия ауданы тұрғындарының арызы бойынша «VOID» мекемесіне жүргізілген жоспардан тыс тексерудің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық экология департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл тексеру Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ерекше бақылауында болды.
Жергілікті тұрғындардың шағымынан кейін экологтар оқиға орнына барды. Тексеру мұнайдың төгілуінен аймаққа зақым келгенін растады. Зертхана мамандары зерттеу үшін топырақ үлгілерін алды. Алынған сынамалардың қорытындысы бойынша экологтар заңға сәйкес шара қолдану үшін келтірілген шығынды есептеді.
Сонымен қатар, кәсіпорын қызметінде табиғатты қорғау заңнамасын өрескел бұзу фактілері анықталып, әкімшілік жазаға тартылды. Аталған мекеме Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 87, 106, 238 және 320-баптарында көзделген талаптарды бұзғаны анықталды. Аталған бұзушылықтар үшін серіктестік ҚР ӘҚБтК-нің төрт бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кәсіпорын мемлекет кірісіне 59 728 500 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.