Қарақия аудандық сотында А-ға қатысты ҚК-нің 339-бабының 2-бөлігінің 5-тармағымен қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотталушы А. 2023 жылы қыркүйек айында Ақтау қаласы, Өмірзақ ауылынан пайдалануға тыйым салынған 8 дана, салмағы 19 кг-ға жуық бекіре тұқымдас балықты сатып алып, автокөлігімен заңсыз тасымалдаған. Сотталушы А. басты сот талқылауында өз кінәсін толықтай мойындап, жасаған әрекеттеріне шын өкінетінін, кешірім сұрайтынын, өзіне жеңіл жаза қолдануды сұрады.
Сот сотталушының жасаған қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде кінәсін толықтай мойындап, шын ниетпен өкінуін асырауында кәмелетке толмаған балаларының барын ескереді. Сот үкімімен А. ҚК-нің 339-бабының 2-бөлігінің 5-тармағымен кінәлі деп танылып, оған мүлкі тәркілеусіз, өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қауіпi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен айналысуға 3 жыл мерзімге айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, делінген облыстық соттың баспасөз қызметінің таратқан ақпаратында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.