
Маңғыстауда өңірлік бокс бойынша олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы болып Әділбек Ниязымбетов тағайындалды. Ал Шоқыр Бөлтекұлы атындағы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшылық қызметіне Жандарбек Исанов келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Әділбек Ниязымбетов 11 жасынан бокспен айналысады.
Алғашқы жаттықтырушысы — Жүгініс Жарылғапов. Ал 2003 жылдан бері білікті бапкер Марат Джакиев жаттықтырған. Былғары қолғап шебері 2009 жылғы ҚР чемпионы, 2011 жылы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2012 және 2016 жылдары «Жазғы олимпиада» ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері атанған. Ал 2015 жылы Қытайда АОВ Азия және Океан лицензиялық турнирінің күміс жүлдесін иеленген. 2016 жылы Конфедерация кубогының иегері атанып, 2018 жылға дейін бокстан ҰҚ капитаны болған. Бүгінде спортшы «ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері», «Құрмет», «Барыс» орденінің және «Дарын» сыйлығының лауреаты.
Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаштың айтуынша, Әділбек Ниязымбетов өңірде бокс саласының дамуына тың серпін береді.
Айта кетейік, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне тегін қатыса алады. Бүгінде спорт мектебінде 20 жаттықтырушы 500-ден астам спортшыны жаттықтырады. Толық ақпарат алу үшін ата - аналар 8(7292)507736 нөміріне хабарласа алады.
Сонымен қатар өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы «Халық арена» спорт кешені қызметкерлеріне Шоқыр Бөлтекұлы атындағы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаңа басшысы Жандарбек Исановты таныстырды. Жандарбек Исанов - бокстан ҚР спорт шебері. Еңбек жолын жаттықтырушы қызметінен бастап, 2015-2018 жылдар аралығында «Маңғыстау бокс клубы» ЖШС директоры қызметінде болса, 2018 жылдан бастап бокстан олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде басшылық қызметін атқарды.
Шоқыр Бөлтекұлы атындағы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде 12 спорт түрі бойынша спорттық жетілдіру және жоғарғы спорттық шеберлік топтары шұғылданады.
Іс-шараның соңында Мақсат Мұқаш тағайындалған жаңа басшымен бірге спорт кешенін аралап, жұмыс барысымен танысты.