19-20 қыркүйек күндері теңіз жағалауында «Open air» тимбилдингі өтті. Тимбилдингтің негізгі мақсаты – жастардың интеллектуалды әлеуетін дамыту, өзін-өзі қалыптастыру. Студенттердің басын біріктіріп, тиімді уақыт өткізу, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шара барысында «Ақтау студенттер Альянсы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Гүлмира Бурхандинова сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тіледі. Көңілді уақыт өткізіп, жеңіс тұғырынан көрінуге тілек білдірді.
Екі күнге созылған тимбилдингке Yessenov University, Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжі, Маңғыстау энергетикалық колледжі, «Болашақ», «Өнер» колледжі, Ш. Есенов және Мейірбеке колледжінің 60 студенті қатысты.
Олар екі топқа бөлініп, өзара сынға түсті. Шыдамдылығы мен алғырлығын, жылдамдығын сарапқа салатын ойындар ойнатылды. Барлығы алты кезеңнен тұратын ойын жастар үшін қызықты әрі тартысты болды. Команда мүшелерінің бір-бірін қолдауы және түсіністік танытуы алға ұмтылуға себепші болды.
Қатысушылардың айтуынша, мұндай топтық сында команданың ұйымшылдығы мен бір болуы маңызды. Себебі бірлігі жарасқан команда сыннан сүрінбей өтеді және жеңіске жетеді.
Тартысқа толы ойында жоғары ұпай жинаған команда мүшелері алғыс хатпен марапатталды.
Айта кетейік, тимбилдинг Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырмасы негізінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесе «Ақтау студенттер Альянсы» ұйымдастырды.