Маңғыстауда жалпыреспубликалық «Халық заңгері» акциясы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірдегі үздік заңгерлер мен адвокаттар, мемлекеттік орган басшылары халыққа заң, құқық және мәселелі сұрақтар бойынша кеңес беріп, көмек көрсетті. Құқықтық көмекке өңірдегі 200-ге жуық азамат жүгінді.
Шараға қатысқан тұрғындарға білім, еңбек, денсаулық, жер, жол, салық, экология салаларының мамандары және полиция, әділет органдарының өкілдері кеңес берді.
Акцияны ұйымдастырушылар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік билік органдары және үздік заңгерлер мен адвокаттар. Шараның мақсаты - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң жөнінен көмек көрсету.
-Қазақстан бойынша халыққа тегін құқықтық көмек көрсетілді. Мұндағы мақсат – тұрғындардың құқықтық деңгейін көтеру. Маңғыстаулықтар шараға белсенді қатысты, - дейді ұйымдастырушылар.
Бір шараға топтастырылған түрлі сала мамандарынан кеңес алған тұрғындар шараның зор пайдасы бар деп есептейді. Өйткені, бір уақытта бірнеше маманнан кеңес алып үлгерді.