Халықаралық театр фестивалі 20-23 қыркүйек аралығында өтеді. Тұрғындар барлық қойылымға тегін кіре алады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникациялар орталығына сілтеме жасап.
Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының директоры Гүлсина Мирғалиеваның айтуынша, фестивальге Грузия, Қырғызстан, Башқұртстан және Қазақстанның театр ұжымдары қатысады.
«Фестиваль ұлттық руханиятты дамыту және достас елдердің театрлары арасында шығармашылық байланыс орнату үшін ұйымдастырылады. Тәжірибе алмасу шығармашылық ұжымдарды жаңа жетістіктерге жетелейді», - деді Гүлсина Мирғалиева.
Театрлар ұжымы фестивальде репертуарындағы ұлттық және классикалық қойылымдарды сахналайды.
Театрдың көркемдік жетекшісі Медғат Өмірәлиевтің айтуынша, спектакльдерді театр әлеміне танымал қазылар алқасының беделді мүшелері талдайды. Олар: Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова, Атабақ Пурнадери, Еркін Жуасбек, Лаша Чхартишвили, Бейбіт Бақтыгереев, Меруерт Жақсылықова. Ал Әбіш Кекілбайұлының отбасы мен ізбасарлары арнайы қонақ болады.
Фестивальдің ашылу салтанаты 20 қыркүйек күні сағат 19:00-де 15 шағын аудан жағалауындағы амфитеатрдың сахнасында өтеді.
Спектакльдер Н. Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында өтеді. Тұрғындар қойылымдарға тегін кіре алады.