Әлихан Смайылов зауыттағы күрделі минералды тыңайтқыштар шығаратын цехта бейтараптандыру және буландыру бөлімшесінің іске қосылуына да қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бейтараптандыру және буландыру бөлімшесінің құрылысы 2020 жыл басталды. Жоспар бойынша ол бір жарым жылда бітуі керек еді, бірақ пандемияға байланысты кейінге шегерілді. Жобаның құны - 6,4 млрд. теңге. Бөлімше заманауи технологиялармен салынған, Қазақстанда баламасы жоқ.
- Жаңа бөлімше атмосфераға зиянды будың шығуын толығымен жояды, бұл Маңғыстау өңірінің экологиясына оң әсер етеді. Бұдан басқа, буды атмосфераға шығармай, оны технологиялық процеске қайтару кәсіпорынның өндіріс көлемін 20%-ға арттыруға мүмкіндік береді, - деді "ҚазАзот" АҚ Бас директоры Арман Мәулешев.
Жаңа бөлімшені іске қосу жылына 40 мың тоннаға дейін өнім шығаруға, сондай-ақ экологиялық залалды нөлге дейін төмендетуге ықпал етеді.
Әлихан Смайыловқа «ҚазАзот» зауытында енді іске қосылатын жаңа жобалар туралы да айтылды. Олар: «Аммиак көміртегі тұздарын өндіру» (жылына 15 мың тонна); «Аммоний сульфатын өндіру» (жылына 40 мың т.); «Сутегі асқын тотығын өндіру» (жылына 10 мың т.); мал шаруашылығына арналған «Биопротеин өндіру» (жылына 9,5 мың т.); «Аммиак суын өндіру» (жылына 40 мың т). Ең ірі жоба - «Аммиак-карбамид кешені»: жылына 660 мың тонна аммиак, 577,500 т. карбамид, 395 мың т. әлсіз азот қышқылы және 500 мың т. аммоний селитрасын өндіреді.