Премьер-министр зауыт өндірісін жаңғырту жұмысының барысымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өңірдің энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевтың айтуынша, мамыр айының соңына қарай өндіріс мөлшерін тәулігіне 20 мыңнан 25 мың текше метрге дейін арттыру жоспарланған.
Жаңа су тұшыту қондырғысының өндіріс көлемі теңіз суының температурасына байланысты. Оның "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС қондырғыларынан айрмашылығы - Каспийдегі су температурасы көтерілгенде ауызсу өндіру көлемі артады. Мәселен, +15 градуста - тәулігіне 20 мың текше метр, ал +20 градуста 23-24 мың текше метр су шығарады.
– Жаңа қондырғы тәулігіне 5000 текше метрге дейін су тұшытатын бес құрылғыдан тұрады. Олар автономды түрде жұмыс істей алады, сондықтан ауыз су тапшылығын тезірек азайту үшін, кернеуді беретін кабельдер тартылып болысымен мамыр айының аяғына дейін біреуін пайдалануға береміз, – деді Бердібек Қартбаев.
Жаңа көлем халық саны тұрақты өсіп келе жатқан Мұнайлы ауданының халқына жіберіледі. Қазір онда 180 мың адам тұрады. Бұл - облыстағы ең тығыз қоныстанған аймақ.
Осы жылдың соңына дейін жаңғыртудың бірінші кезеңін аяқтап, іске қосу жоспарлануда. Тәулігіне 40 мың текше метр өндірсе, Мұнайлы ауданына – 19,5 мың текше метр, Қарақияға – 2,8 мың текше метр, «Жылы жағажай» тұтынушыларына – 10 мың текше метр, Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарына – 4 мың текше метр су жіберу жоспары бар. Қалған су №4 индустриялық аймақ, әуежай және агроаймаққа бөлінеді.
«Каспий» су тұшыту кешенінің басшысы Нұрлыбай Аққұловтың айтуынша, қуаттылықты ұлғайту мерзімін ұзарту - ТЭН-нің(техникалық-экономикалық негіздеменің) түзетілуіне байланысты. Жаңғыртуға бөлінген қаражатты жоспарға сай игерілуде, ешқандай шығын болған жоқ.
– Жаңғырту жұмыстарына 12,6 млрд теңге сұралып, 7,7 миллиард теңге бөлінді. Оның 5 миллиардқа жуығы игерілді. Зауыт қуатын арттыру жалғасады. 2025 жылға қарай тәулігіне 100 мың текше метрге дейін тұщы су шығару керек. Қазірдің өзінде зауытты кеңейтудің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Оны тамыз айында алып, жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға кірісеміз. Жобалық-сметалық құжаттаманың құны 200-250 миллион теңгені құраса, құрылысы шамамен 25 миллиард теңгені құрайды. Республикалық бюджеттен қаржыландырылады, - деді Нұрлыбай Аққұлов.
Маңғыстау облысында тәулігіне 150 мың текше метр ауызсу өндірілсе, қажеттілік 200 мың текше метр болып отыр. Өңірдің дамуын ескерсек, 2025 жылға қарай тәулігіне 110 мың текше метрге дейін ауызсу тапшылығы болуы мүмкін. Осының алдын алу үшін, Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспарына тоғыз су тұшыту зауытын салу кірді. Оның ішінде, тәулігіне 60 мың текше метрлік ОЗК, Кендірліде - 50 мың текше метрлік, Қаражанбаста - 17 мың текше метрлік және МАЭК-те 24 мың текше метрлік зауыттар бар. Аудандарда да шағын су тұшыту қондырғылары салынуда.