Сапар барысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Ақтау қаласының туристік аймағын дамыту жобаларының іске асырылуымен танысты деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Қазір Каспий теңізі жағалауындағы туристік аймақты дамыту бойынша бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылуда. Туристік аумақтар бойынша сапардың алғашқы нысаны "Aqualina Resort" болды. Аталған аумақ жағалау сызығының бойында орналасқан. Курорт кешенінің 39,5 гектар аумағын гольф-клуб, сәнді шопингті ұнататындарға арналған LUX-класты бутиктері бар сауда галереясы, аттракциондары бар тақырыптық саябақ және халықаралық деңгейдегі қонақ үйлер алып жатыр.
- 2022-2023 жылдарға теңіз жағалауында оқу-сауықтыру орталығы - "Aqualina Camp" жобасын іске асыру жоспарланған. Мұнда мектеп, стадион, асхана, амфитеатр және тағы басқа ғимараттар салынады. Жылына 16 мың баланы сауықтыру және демалыспен қамту жоспарлануда. Жобаның аясында балалардың білімін жетілдіруге арналған әр түрлі бағдарламалар, ата-аналарға бизнес-тренингтер де өткізіледі. Мұнда халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары да демалатын болады. Жобаны 2023 жылы аяқтау жоспарланғана, - деді "Aqualina Resort" жобасының жетекшісі Әсет Манов.
Премьер-министрдің келесі барған нысандары гольф-клубы, сауда қатарлары, виллалары мен апартаменттері бар "Fairmont" жобасы, сондай - ақ ауданы 130 гектар туристік орталық - "Altay Riviera" жобасы болды.
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, Маңғыстауда жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін жаңа жобаларға инвестициялар тартуды арттыру қажет.
- Мемлекет тарапынан инвестицияларды тарту үшін бірнеше мемлекеттік қолдау болады. Туристік нысандарды салу кезінде мемлекет тарапынан 10% өтеледі, сондай-ақ гранттық негізде жер учаскелерін бөлу де бар. ҚР Ұлттық банкінің бағалауы бойынша, әрбір шетелдік турист өңір экономикасына 1200-1500 доллардан әкеледі. Маңғыстау аймағы табиғи ерекшеліктері арқылы Қазақстан туризміне мол мүмкіндік беруде. Қазір министрлік визасыз елдер тізімін 74-тен 100-ге жеткізу бойынша жұмыс жасап жатыр, - деді Ержан Еркімбаев.