Мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы жыл басынан бері 680 іссапарға шығып, 885 мемлекеттік қызметті тұрғындардың үйіне барып көрсетті. Қызметтің көбі 65 жастан асқан адамдарға көрсетілген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
- Бұл Қазақстанда бірқатар шектеу шараларының енгізілуімен байланысты, 65 жастан асқан адамдардың қозғалысына шектеу қойылған болатын. Осы жылдың есептік кезінде осы бойынша 680 іссапарға шығу арқылы 885 мемлекеттік қызмет үйіне барып көрсетілді, - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Айбек Мұзбаев.
Айбек Мұзбаевтың айтуынша, елімізде 65 жастан асқан азаматтар мемлекеттік қызметті үйден ала алады. Бұрын, 2020 жылы пандемияға дейін мамандарды үйлеріне тек ерекше қажеттіліктері бар 1-2 топтағы мүгедектер немесе ҰОС ардагерлері шақырта алатын болған.
Өңір бойынша Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау ауданында мобильді ХҚКО кестеге сай айына 2 рет шалғай елді мекендерге барып тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетеді. Есептік кезеңінде «Жылжымалы ХҚКО» 122 іссапарға шығып, 727 мемлекеттік қызмет көрсетті.
Сондай-ақ, 2018 жылдың 1 желтоқсанында шетел азаматтарына еңбек етуге рұқсат алу процесін айтарлықтай жеңілдетуге көші-қон орталығы жұмысын бастаса, бүгінде Түпқараған, Мұнайлы, Маңғыстау, Жаңаөзен, Бейнеу, Қарақия, Жетібай бөлімдері де көрсете бастады. Аталған орталықтарда 2022 жылдың 4 айында 18 319 қызмет көрсетілді.
Халыққа қызмет көрсету орталығына барған кезде азаматтар төлем картасының деректерін қолмен енгізбкй-ақ, кезексіз, QR кодын пайдалана отырып дереу және қауіпсіз түрде көрсетілген мемлекеттік қызмет ақысын төлей алады.
2022 жылдың бірінші тоқсанында QR төлемдерінің жалпы саны 22 280 құрады. 2022 жылдың басынан бастап фронт-офистерде рәсімделген дайын құжаттарды жеткізу қызметі іске қосылды. Осы уақыт ішінде 23 дайын құжатты жеткізу жүзеге асырылған.
Сонымен қатар, мемлекеттік корпорация арқылы 2022 жылдың 4 айында 262 422 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, соның 401-і электронды түрде көрсетілген.
Қызметкерді үйге шақыру үшін 1414 нөміріне қоңырау шалып, қызмет алуға өтініш қалдыру керек. Содан кейін оған ХҚКО қызметкері хабарласады және құжаттарын нақтылайды, мемлекеттік қызметті үйде көрсету күні мен уақытын белгілейді. Айта кетейік, көрсетілетін қызметті алушы өтінімді алғаннан кейін 7 жұмыс күнінен кешіктірмей келуі тиіс.