Грузия астанасы Тбилиси қаласында өткен «World Rising Stars» байқауында «Asel Sagi collection» коллекциясы үздік атанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау қаласы әкімідігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
10 мемлекеттің дизайнерлері қатысқан байқауда Ақтаулық сәнгер топ жарып, арнайы марапатталды.
Бірнеше жылдан бері Әсел Зиналиева шабыты мен талантын сән индустриясы саласына бағыттап келеді. Ол киімдерін қазақы нақыш пен заманауи стилді үйлестіре отырып тігеді. Сол арқылы ұлттық мәдениетті өркендетуді қолға алған. Жас дизайнердің топтамасы түрлі халықаралық байқауларда ұсынылып келеді.
- Бұл - біз үшін үлкен дәреже. Әрине қуанышымызда шек жоқ. Бізді Тбилиси қаласының мэрі қарсы алып, құрмет білдірді. Ал біз оған ұлттық бұйымдарымызды сыйладық. Сондай-ақ, шетелдік әріптестерімізден тағы да ірі жобаларға шақырту алдық. Осы орайда, Қазақстанды халықаралық дәрежеге шығаруға зор үлесін қосып жүрген білікті маман, "Әлемдік жұлдыздар - 2022" атты конкурстың басшысы Смайлова Гулназға ерекше алғыс айтқым келеді, - дейді Әсел Зиналиева.
Сондай-ақ, 5 жасар Аяна Өтехан «Top teen&child model of the Planet» байқауында өз жасындағы топ модельдер арасында I орынға ие болды. Жас модель үшін бұл үлкен жетістік.