Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ГМ-172/10 мекемесінде арнайы контингенттер арасындағы сотталғандарға ауызашар берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шара «Шарапатты Рамазан» атты іс-шара аясында облыстық Бекет Ата мешіті мен "Отпан" ақпараттық-түсіндіру орталығымен бірлесе өтті.
"Қасиетті Рамазан айы мұсылман үшін Аллаһтың рақымы мен шапағатына бөленетін, сауабы мен берекесі мол ай. Бұл айдың қасиетті болуының өзіндік себептері бар. Біріншіден, бұл айда Құран түсті. Екіншіден, исламның бес парызының бірі болған оразаны осы айда ұстауға әмір етілді. Үшіншіден, мың айға тең келетін Қадір түні осы айдың еншісінде, - деді ұйымдастырушылар.
Мешіттің бас имамы Ануар Елжановтың айтуынша, қасиетті Рамазан айының шарапаты мен сауабы тек ораза ұстаумен ғана шектелмейді.
- Бұл айда жасалған амалдарымызға еселеп сауаптан жазылмақ. «Аш адамның аузын аштырып, шөліркеген жанға су ұсыну – сауапты істердің қатарына жатады, - дейді бас имам.
Жалпы 110 сотталған тұлғаға ауызашар қоржыны үлестірілді.