Биыл Маңғыстауда 8086 түлек мектепті бітіреді. Оның 7 мыңнан астамы ҰБТ тапсыруға өтініш берген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Педагог-психолог Перизат Тәжіғұлова ата-аналар бала үшін осы кезеңнің маңызын түсініп, жан-жақты қолдау көрсетуі қажет деген пікірде.
Ақтаудағы №19 мектепте қызмет атқаратын Перизат Тәжіғұлова 17 жылдан бері педагогика, психология саласын зерттеумен айналысады. Ол оқушыда ҰБТ тапсырар алдында қобалжу, күйзеліс секілді түрлі эмоциялар болатынын айтады.
- Биыл мектебімізде 86 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Оқушылар бойындағы үрей-қорқынышын сейілту мақсатында психологиялық тренингтер, семинар-сабақтар және диагностикалар жүргізілді. Сонымен қатар, мамандық таңдауда бағыт-бағдар берілді. Осындай кезеңде ата-ананың балаға қолдау мен сенім білдіруі өте маңызды. Түлектер бойын қорқыныш билеген сәтте 1 санынан 10-ға дейін немесе керісінше санап, бақытты сәттерін еск алғаны жөн, - деді Перизат Тәжіғұлова.
Маңғыстау облыстық білім басқармасының мәліметінше биылғы оқу жылында 152 «Алтын белгі» иегері, 531 үздік аттестатқа үміткер оқушы бар. Маңғыстау облысы бойынша 3 ҰБТ өткізу пункті белгіленген. Атап айтқанда, Ақтау қаласындағы 1-шағынауданда орналасқан Ustudy орталығы, Жаңаөзен қаласындағы лицей базасы және Бейнеу ауданында Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектеп.