Ақтаудағы қонақ үйлердің бірінде түрік ас үйі апталығы өтті. Аталған іс-шара 2021 жылдан бері үшінші рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Іс-шараның мақсаты - түрік халқының тағамдарын таныстыру.
- Түркия Президентінің жұбайы Эмине Ердоған ханымның бастамасы мен Мәдениет және туризм министрлігінің үйлестіруімен «Түрік ас үйін» таныстырып отырмыз. Салауатты тамақтану әдеттерін қалыптастыру түрік ас үйінің маңызына айналып отыр. Біздің мақсатымыз ғасырлық рецепттермен күні бүгінге дейін жеткен «Түрік ас үйін» ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, - деді Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Сабри Альптекин.
Түркия елі 7 аймақтан тұрады. Елдің әр өңірінде өзіндік тағам пісіру әдісі бар, ерекше. Сонымен қатар іс-шарада Эгей өңірінің тағамдарын дайындаған аспаздар марапатталды. Оның ішінде «Риксос Ақтау» қонақ үйінің бас аспазы Мұхиттин Джан, «Шаңырақ» кафесінің бас аспазы Ферит Ақальпер, «Гранд Виктори» қонақ үйінің бас аспазы Хақан Қара бар.
- 30 жылдан бері аспаз болып істеймін. Қонақтарға оннан астам долма, кёфте секілді ұлттық тағам түрлерін ұсындым. 3 түрлі салат және балмұздақ қосылған түрік пахлавасы да бар. Бұл тамақ түрлерін дайындауға 6-7 сағат кетті, - дейді Хақан Қара.