Маңғыстауда журналистер мен инфлюенсерлер озық тәжірибемен танылған ең үздік білім беру ұйымдарын аралады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Инфлюенсерлердің қатарында педагогика ғылымдарының кандидаты, «Үркер» зияткерлік орталығының директоры Анар Тугельбаева, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, ТМД елдері бойынша білім жүйесін дамытудың халықаралық қоры директоры Зәуреш Колумбаева, блогер, pedsovet.kz парақшасының авторы Станислав Кауров бар.
Жұмыс тобы Мұнайлы ауданының №5 орта мектебіне барып, ұлттық қасиеттерді және адамгершілікті баланың бойына әдебиет арқылы сіңіруге тырысқан педагогтармен кездесті. Бұдан бөлек, математикалық прогрессия бағытында облыстағы ең үздік тәжірибемен танылған Мұнайлы ауданындағы №6 орта мектепке барды. Онда математика пәнінің мұғалімі өзінің басқа мектептегі әріптестерімен бірге ізденістерін арттырып, олимпиадалық және ҰБТ есептерін шығару бағытында турнир ұйымдастыру тәжірибесінің пайдасын талқылады.
Сондай-ақ, инфлюенсерлер Ақтау қаласындағы №56 балабақшаның ең үздік деп танылған BabySkills жобасымен танысты. Баланы ерте жастан бастап кәсіпке баулу, мамандық таңдауға көмектесетін теңдессіз жобаның мақсаты үлкен.
«BabySkills жобасы балаға түрлі мамандықтарды таныстыру, оларды кәсіпке баулу мақсатында ұйымдастырылады, балабақша жасындағы балалар кәсіптік колледждерге, түрлі үйірмелерге барып мамандықтардың қыр-сырымен танысады. Бұл жоба арқылы балалар мұғалім, дәрігер, полиция қызметкерінен де басқа маман иелері бар екенін біліп өседі», деп түсіндірді бөбекжай директоры Айгүл Иманалиева.
Ақпараттық турға қатысушы инфлюенсер мамандар озық тәжірибелерді республика көлемінде таныту керек екенін айтты.
«Маңғыстаудағы білім беру ұйымдарының ішінде түрлі идеяны іске асырып, өзге өңірлерде жоқ озық тәжірибені іске асырып отырған мамандар бар. Әсіресе, балабақша жасынан балаға ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып тәрбие беру, адамгершілікке баулу бағыттары ұнады. Республика көлемінде жариялайтын, өзге өңірлерге тәжірибе ретінде ұсыну керек деп есептейміз», деді ТМД елдері бойынша білім жүйесін дамытудың халықаралық қоры директоры Зәуреш Колумбаева.