Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Қарақия ауданының Құланды ауылында алғаш рет спорт кешені ашылды. Жаңа ғимараттың аумағы 500 шаршы метрді құрайды.
Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев, Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев, Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков, Құланды ауылының әкімі Санат Төкенов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
Спорт кешенінің құрылысына Құланды ауылының дамуына, өсіп-өркендеуіне белсенді атсалысып жүрген азаматтардың бірі, жеке кәсіпкер Айдос Қаржаубаев өз қаражатын салған.
-Бұған дейін Құланды ауылында спорттық нысан болған жоқ. Бұл ауылдағы алғашқы спорт кешені. Ол бокс, каратэ-до, күрес, фитнес залдары және ашық футбол алаңымен қамтылған. Ғимарат бір кезекте 50-60 келушіні қабылдай алады. Ауылдың 10 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылатын болады, -деді ауыл әкімі Санат Төкенов.