Қарақия ауданындағы №3 жалпы білім беретін мектепте оқушылардың білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған “сoworking” орталық ашылды. Бұл туралы Қарақия аудандық білім бөлімінің басшысы Қалбибі Бекқалина мәлімдеді.
Оның айтуынша, аталған тәжірибе алмасу орталығы оқушылар мен тәлімгерлердің жаңаша тәжірибеде жұмыстарын жүргізіп, білімін жетілдіретін орын.
- Орталық қажетті әдебиеттермен, заманауи техникалармен толықтырылған. Мұнда оқушылар мен мұғалімдер барлық мүмкіндіктерді пайдалана алады. "Оқуға құштар мектеп" жобасы аясында 100 кітап QR коды бар стенд дайындалуда. "Coworking" орталығын ашудағы басты мақсатымыз балалардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, оларды осы алаңға тарту. Заманауи жабдықтармен қамтылған орталық компьютерлік ойындарға тәуелді балалардың назарын кітапқа аударуға зор үлес қосады, - деді Қалбибі Бекқалиқызы.