Маңғыстаулық белсенді жастар «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Нұрлан Жетпісбайдың алғыс хатымен марапатталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Жақайұлы жастар мүмкіндігінің жоғары екенін айтып, өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар аймақ жастарына сенім білдірді.
«Өздеріңіз білесіздер, сайлаудан кейінгі алғашқы жылды қорытындылап жатырмыз. Жол картасы бойынша алға қойған жоспарымызды орындадық. Соның ішінде жастар ісі жөнінде шаралар да өз деңгейінде өтті. Мұның барлығы – сіздердің еңбектеріңіз. 2022 жылға жоспарымыз дайын тұр. Бұл ретте облыс жастары белсенділік танытады деп ойлаймын», - деді Елубай Әбілов.
Оның айтуынша, өңір жастарының 20 пайызы депутаттық мандат алды. Одан бөлек жақында облыс әкімі Жастар ісі жөніндегі басқарма ашу туралы сөз қозғады. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл өз кезегінде жастардың нақты әрі табанды қызмет етуіне, жетістікке жетуіне септігін тигізері анық.
Содан соң «Jas Otan» жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Наурызбек Мағдатовқа сөз берілді. Ол облыстың дамуы мен өркендеуі жолында еңбек еткен, әрбір бастамаға демеу болған жастарға алғыс айтты.
«Биыл жастарға қатысты бірнеше жобаны орындадық. Әр шара сайын бірге белсенділік танытып, қолдау білдірген жастар болды. Сондықтан жанашыр, жаңашыл жастардың мерейін өсіріп, «Jas Otan» жастар қанаты тарапынан марапаттауды жөн көрдік. Бұл сіздер үшін жай қағаз болуы мүмкін. Ал біз үшін бұл – риясыз көңіл мен алғыстың белгісі», - деді Наурызбек Мағдатов.
Марапат алған жастар ішінде мектеп оқушысы, өнер саласының мамандары, жастар кеңесінің мүшелері мен қоғам белсенділері бар.
Соның бірі – Рухия Қалдыбай. Ол жақында ғана «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері атанған. Рухияның жобасы «Бизнес» бағытында үздік деп танылды. Айтуынша, жоба жылжымалы глэмпинг арқылы экотуримзді дамытуға арналған.
«Жоба аясында биоәжетхана, жиналмалы, жылжымалы шатырлар, ас үйдің шатыры мен ыдыс-аяққа тапсырыс беріп қойдық. Көктемнің соңғы айынан бастап немесе қар түскенде алғашқы саяхатымызды бастау жоспарда бар. Егер қыс мезгілінде саяхат жасасақ, шатырды алып бармаймыз. Тек ас үй шатыры мен биоәжетхананы ғана бірге алып жүреміз. Себебі шатырлар жаздық маусымға арналған», - деді Рухия Қалдыбай.
Оның айтуынша, Маңғыстаудың жұмбағы ашылмаған жеріне тек отандық туристерді ғана емес, шетел асып келетін қонақтарды да алып баруға жағдай жасамақ. Сол арқылы маңғаз өлкеге келетін турист санын арттыруды жоспарлап отыр. Әзірге Бозжыра, Ыбық, Қараман ата сынды табиғи, тарихи орындарды аралайтынын айтты.
Мерекелік шара аяқталған соң жастар естелік суретке түсіп, жастар ұйымына өз алғысын айтты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА