Ақтауда полиция өсімдік тектес есірткінің ірі партиясын тәркіледі, – деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері “Рефлекс – 2021” жедел алдын алу операциясын жүргізу барысында Ақтауда Mercedes-Benz автокөлігін тоқтатты. Салонда жүргізуші мен екі жолаушы болған. Олардың барлығы ұсталды. Тінту кезінде полицейлер автомобиль салонынан салмағы екі келіден асатын “марихуана” мен жарты келіден асатын “гашиш” есірткісін тапты. Ұсталғандардың пәтерлеріне тінту жүргізу кезінде тәртіп сақшылары екі күдіктінің үйінен сегіз келіден астам “марихуана” мен бір грамм “апиынды” анықтады.
– 32 және 36 жастағы екі тұлғаға қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі таңда ұсталған екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. 38 жастағы үшінші тұлғаға қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, “ешқайда кетпеу туралы” бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Маңғыстау облысы ПД ЕҚҚІҚБ жедел уәкілі Нұрбол Бақтыбай.