Өткенге көз жүгіртсек, өнер көгінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, өте шыққан тума таланттар тағдыры ұшы-қиыры шексіз ой сілемдеріне жетелері сөзсіз. Соның ішінде танымал биші, өзі өмір сүрген тұста теңдесіз табиғи дарынымен талайды таңдай қақтырған Нұрсұлу Тапалованың тағдыры - кез келген жүректі дір еткізер, жанарға жас үйірер ауыр сынаққа толы күрескер тағдыр. Көзі тірісінде өнер өрісінде әділ бағасын ала алмаған, бойына ана уызымен, әке қанымен дарыған талант қуатымен, асқақ рухымен, нәзік болмысымен би өнері биігін бағындырған нәркес көз Нұрсұлу Тапалова өмірі мен шығармашылығы жайлы сыр шертер «Заманмен заңғарланған Нұрсұлу» деректі туындының тұсауы кесіліп, тақырыптық көрме көп назарына ұсынылды. Қазақ ұлттық би өнерінің тарихын тереңнен түйсінуге түрткі болар ауқымды мәдени іс-шараның ұйытқысына айналып, ұлттық құндылықтарды ұрпаққа насихаттауда табанды еңбек етіп жүрген республика мен алыс-таяу шет елдерге танымал биші Серік Сариев пен шығармашылық ұжымының бұл жобасы жұртшылық тарапынан жоғары бағасын алып үлгерді. Алдымен оқырманға Нұрсұлу Тапалованың өмірбаянынан аз-кем дерекерді ұсынуды жөн көрдім.
Ақтөбе облысының солтүстік батысында орналасқан бұрыңғы Адай уезінің орталығы – Ойыл ауылында дүниеге келген Нұрсұлу Тапалова 7 жасқа толғанда туған ауылы аудан орталығына айналады. Маңғыстау жері 1920 жылға дейін Закаспий облысы, Маңғышлақ уезі деп аталса, 1920-27 жылдар аралығында Қазақ АССР-нің Адай уезі деп аталған еді. Биші 1931 жылы қазақ орта мектебіне барады. Балаң жасынан Ойыл әуесқойлар ұжымында би билеп, ән шырқайды. 20-ғасырдың отызыншы жылдарында ел арасында мәдени-ағарту ошақтарының бой көтеруі, ұлттық мәдени құндылықтар мен дала фольклорын насихаттау үрдісі белең алуы өнерге шын құштар өрімтал жастың қиялына қанат бітіреді. Туған жерінде құрылған ойын-сауық үйірмелеріне белсене қатысып, әуесқой сахналық қойылымдарда өнер көрсетеді. Сол кезең туралы «Бишілер үйірмесінің бетке ұстарлары Нұрсұлу, мен және апалы –сіңлілі Лукьяновалар болатын. Қазақ, орыс және кавказ билерін нақышына келтіре орындайтынбыз. Нұрсұлу екеуміз «Айжанқыз», «Келіншек» билерін билейтінбіз»,-деп еске алған екен Нұрсұлу апамыздың бала кезгі құрбысы Гүлбарам Жағыпарова әжей «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында.
1934 жылы әйгілі Ахмет Жұбанов бастаған әр алуан мамандық иелерінен құралған комиссия Ойыл ауылына келеді де, ортақ шешім нәтижесінде ауылдағы жастар үйірмесін Ойыл қазақ филармониясы деп атап, құрамын бекітеді. 1935 жылы филармония ауданаралық Ойыл колхоз-совхоз драма театры атағына ие болады. Нұрсұлудың анасы Мақпал Тапалова және оның немере апасы Ағырыс Мейірманова да театр қойылымдарына қатысқан екен, ал інісі Нұрғали Тапалов «Ойыл» клубының әкімшісі болып жұмыс істеген.
1936 жылы Нұрсұлу Тапалова орта мектепті тәмамдап, Алматыға оқуға түседі. Алматы шаһары жас өнерпаздың шығармашылығын шыңдай түсуіне мол мүмкіндік берді. Күллі қазақтың мәдени ошағына баланған Алматыда би өнерінің майталмандарымен танысып, машық-дағдыларын жетілдіре түсуді мақсат тұтады. Алматы қазақ өнерінің саңлақтары Күләш Байсейітованың қамқорлығында болып, Шара Жиенқұлованың көмегін көреді. Оның кәсіби биші болып қалыптасуына Александр Александров, Екатерина Лифанова, Леонид Жуков, Юрий Ковалев, Чекрыгин Александр есімді қазақ балет өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан мықты кадрладың ықпалы орасан еді. Абай атындағы опера және балет театрының көркемдік жетекшісі Құрманбек Жандарбеков шәкіртінің бойындағы ерекше дарынын бажайлап, кәсіби білімі мен білігін жетілдіру мақсатында Мәскеу мен Ленинградтағы хореграфиялық училищенің ұлттық би бөліміне оқуға түсуіне кеңес бергенімен, Нұрсұлу апамыз оқудан бас тартады.
Нұрсұлу Тапалова өнер жолында Абай атындағы опера және балет театрында кардобалет әртісі ретінде қызмет етеді. Айта кетер маңызды дүние, 1938 жылы тұсауы кесілген қазақ театр сахнасындағы тұңғыш туынды «Қалқаман-Мамыр» балетінің үшінші құрамында билейді. Сондай-ақ ол «Ер Тарғын» операсының желісі бойынша тұтқындағы парсы ханшайымының биін билейді. Бұдан бөлек әр жылдары «Көктем», «Бақшасарай бұрқағы», «Лауренсия», «Ұйқыдағы ару», «Эсмеральда» атты балеттер де өнер көрсетеді.
Нұрсұлу Тапалова 1954 жылы тағдыр тоғысуымен қазақ боксының іргесін қалаған, біртуар тұлға Шоқыр Бөлтекұлымен танысып, отау құрады. Бүгінде қазақ ортасынан шыққан тұңғыш былғары қолғап шебері Шоқыр Бөлтекұлының жары Нұрсұлу Тапалованың тарихи тұлғасы мен өнердегі ерек болмысы мен сұлу да сұңғақ бейнесін етене танып, жете білетіндер өте аз. Деректі кино премьерасы алды ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында бейнетаспа бас кейіпкері жөнінде еліміздің әр түкпірінен киелі түбекке табан тіреген көзкөрген жандар естелік сөздер сөйледі.
Ең алдымен қазақтың ұлттық сахналық биін насихаттаушы, балетмейестр, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Нұрсұлу Тапалованы еске алуға арналған шарада Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Г.Қалмұратова сөз сөйледі.
«Уақыт алға озған сайын тың мәліметтермен толыға түскен төл тарихымызды терең қаузау нәтижесінде сол тұстағы саяси жүйе құрбанына айналған сан алуан сала саңлақтарының өмірі жайлы деректерді еркін саралай алудамыз. Апамыздың өмірі мен өнері жайлы бірнеше жылдар бойы табанды зерттеу жұмыстарын жүргізіп, шаң қапқан қат-қабат мұрағат қоймаларын қотарып, архив томдарын ақтарған, дарынды бишінің бүгінгі күнгі ізбасарларын дүниежүзінің әр түкпірінен іздеп тауып, әңгімеге тартқан отандық би өнерінің жарық жұлдызы Серік Сариев пен оның шығармашылық ұжымына алғысымызды білдіреміз. Нұрсұлу Тапалова атындағы көрме мен деректі туынды өскелең ұрпақ үшін құнды мәдени қазына деуге болады. Бүгінгі көрме мен деректі киноны алдағы уақытта еліміздің өзге де қалаларында көрерменге ұсыну жоспарланған», - деп мәлімдеді Г.Қалмұратова.
Нұрсұлу Тапалова шығармашылық жолында кәсіби сахнада, көгілдір экранда, дала саханаларында би өнерін паш етумен қоса ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеген. 1960-70 жылдар аралығында «ҚазақКонцерт» ұйымында қызмет еткен кезеңде Гүлжан Талпақоваға тәлімгер ретінде «Алтынай» биін де үйреткен көрінеді. Басқосуда ҚР халық әртісі, әйгілі биші-хореограф Гүлжан Ізімқызы Талпақова мың бұралған кәсіби биші, теңдесіз дарыны, табиғи талантымен өнерсүйер қауым көзайымына айналған Нұрсұлу Тапалованың «өшкенін жандырған» өнерпаздарға алғысын жаудырды.
«Мен сөз басында осындай ауқымды, сәні мен салтанаты үйлесім тапқан іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған, игі істің ілкі бастауынан бой көрсеткен жандарға, жергілікті әкімдікке, тиісті басқармаға, талантты биші Серік Сариев есімді азаматқа шексіз алғысымды білдіремін. Маңғыстау жұртшылығына деген құрметім ерекше. Заман көші ілгері жылжыған сайын халық жадында есімі көмескіленген әзіз жанның өнер көкжиегінде жұлдызын қайта жағып, жарық етуіне жол берген Серік Сариевтің еңбегі ұшан-теңіз. Санасында саңылауы бар жан мұндай шығармашылықтың астарында үздіксіз ізденіс пен табанды еңбектің тұратындығын түсінері айқын», - деді Гүлжан Талпақова.
Сондай-ақ Шара Жиенқұлованың шәкірті, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ғайникамал Бейсенова да ізгі лебізін білдірді.
«Бұрын қазақ топырағынан шыққан тұңғыш биші Шара Жиенқұлова деп білдік. Архив суреттерін зерделей қарасақ Шара апамыздың қасында қолын ұстап, құшақтап тұрған Нұрсұлу Тапалованы көреміз. Ел іші - өнер кеніші. Қос апамыз да қазақ халқынан шыққан тума таланттар, бір ғасырда бір рет дүние дидарын ашатын жандар дер едім. Нұрсұлу Тапалованың көрікті келбеті, қолаң шашы, сүмбі талдай сымбаты, талайды таңдай қақтырған теңдесіз таланты турасында әңгімелер өріп жүретін. Ол қойған «Алтынай» биін сол тұста «Қазақконцерт»-тің үздік бишілері билейтін. Бұл аса кәсіби, техникасы өте күрделі, дене бітімінің мінсіз, ырғақты, үйлесімді қимылымен өрнектелген керемет ұлттық би болатын. Сол кезеңде ақ Нұрсұлу өз заманынан оза туған талант екенін дәлелдеген еді. Өнер өрісіндегі бақталастық, өтпелі даңқ жолындағы жанталас жан дүниесі пәк, рухы өр, жүрегі жібектей жұмсақ жанға ауыр соғуы, сахнадан алыстап, бас сауғалауға мәжбүрлеген болса керек. Бұл тұсы біз үшін әлі де болса жұмбақ. Не десек те, Нұрсұлу апамыздың жұлдызы енді жанғандай», - дейді ол.
Нұрсұлу Тапалова Шара Жиенқұловадан кейін әр түрлі ұлттардың биін билеп, сондай ақ ән шырқаған әртіс. Ұлттық би өнерінің ішінде фольклорлық образды ашуға қомақты үлес қосқан ҚР еңбек сіңірген әртісі, ұлттық хореграфия өнерін зерттеуші, профессор Ізім Тойған Оспанқызы танымал бишінің жеке орындаушылық қабілеті жөнінде әңгіме өрбітті.
«Нұрсұлу Тапалованы біз классикалық билерді билейтін алғашқы балерина деп білеміз. Бірақ апамыздың шығармашылығындағы үлкен кезең жеке орындаушы ретіндегі кезеңі. Мысалы Қазақстан кәсіби өнер тарихын оқығанда 1936 жылғы алғашқы онкүндіктен бастаймыз. Ол кезде Нұрсұлу апамыз он үш жастағы бала екен. Сол он күндіктің керемет әсер етсек керек, келесі он жылдықта Мәскеуге барып өз өнерін көрсеткен екен. Нұрсұлу Тапалова соғыс жылдары «Бақшасарай бұрқағы» балетінде басты партиялардың бірін орындаған. Сол күйі ол балерина ретінде тарихта қалған. Бірақ ол жеке орындаушы ретіндегі характерлік билерді керемет орындайтын. Бүгінде өнертану саласының ғалымдары істей алмаған дүниені Серік Сариев бастаған ұлттық өнер мен мәдениеттің шын жанашырлары жасап шықты деп жүреміз. Қазақ ұлттық хореография академиясында қазақ би ғылыми зерттеу зертханасында Нұрсұлу Тапалованың шығармашылығы турасына қомақты деректер жинағы бар. Алдағы уақытта біздің қорымыз осы шығармашылық ұжымның туындыларымен толығады деген үміттемін. Осы уақытқа дейін аты аталмай кеткен Нұрсұлу апамыз үшін жаңа дәуір басталғандай», - деп мәлімдеді Тойған апа.
Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейі Нұрсұлу Тапалованың өмірі мен шығармашылығын алғаш зерттеген ұйым ретінде мәлім. Әсіресе кезінде музейдің қор меңгерушісі ретінде қызмет атқарған Шайзада Мұқашеванің журналистік зерттеуі Нұрсұлу апамыздың шығармашылық болмысын аша түсуде ерекше рөл атқарған екен.
«Мен музейде істеп жүргенде Н.Тапалова деген жазуы бар бір әдемі қыздың суретін көремін. Бірде «Егемен Қазақстан» газетінен Мейрембек Тілепбергенов есімді журналисттің мақаласы қолыма түседі. Мақалада Н.Тапалованың өмірі, өнер жолы, егде жастағы халы жайлы баяндалған екен. 2007 жылы мақаланы алып, газет редакциясына барып, суреті бар екендігін айтып едім. Журналист апамыздың сол кездегі тұрмысы жайлы баяндап берген еді. Араға уақыт салып, Болат Аюхановпен жолығып, Нұрсұлу Тапалова туралы әңгімелестік. Өзім жинақтаған барлық деректі саралап, мақала жазып «Қазақстан әйелдері» журналына, жергілікті баспасөз беттеріне жарияладым. Осыдан кейін маған жан-жақтан хабарласып, мәлімет сұраған жандар қарасы көбейді. Маңғыстаулықтар басын қарайтып, ас берді. Екі қызы мен екі немересін шақырды. Бұл өте абыройлы, зор құрметке лайық, азаматтық іс», - деп ағынан жарылды Шайзада апа.
Жұма күні тұсауы кесілген кинотуынды еліктің ерке лағындай сұлу да сымбатты, кербез де көрікті, кер маралдай керілген, тал шыбықтай иілген би өнерінің ханшайымы мен оның тағдырының әр кезеңінен сыр суыртпықтайды. Шексіз әрі мінсіз, тума талант тағдырының трагедиясын көрермен бар жан-дүиесімен сезініп қана қоймай, ұлы өнер құдіретінің алдында бас иеді. Шоқыр Бөлтекұлы мен Нұрсұлу Тапалова екі қызымен өмір бойы Алматыдағы «Әртістер үйі» деп аталатын үш қабатты шағын үйдің бір бөлмелі пәтерінде өмір сүрген. Қос тұлға да жүдеу тұрмыс пен қолдың қысқалығына қарамастан сүйікті кәсібіне, өмірінің өзегі деп түйсінген киелі өнерге адал болған жандар еді.
Алматыдағы Жамбыл мен Амангелді көшелерінің қиылысында орналасқан «Әртістер үйіндегі» шаңырақта жолдасы Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылы қайтады. Араға төрт жыл салып Нұрсұлу Тапалова 1998 жылы 13 қарашада дүние салады. Өкінішке орай опасыз жалғаннан о дүниеге аттанған халқының аяулы перзенттері лайықты деңгейде ұлықталмай, қабірі қоршаусыз, таңба-белгісіз жатады. Тек 2010 жылы ғана Ммаңғыстаулық ел азаматтары Марат Жақиев, Сақып Керелбаев, Меңдаш Салихов, Ибрагим Жақсымбетова, Амантай Татиев, Нұржан Жұмағұлов қолдауымен бұл іс қолға алынып, қос тұлғаның қабіріне арнайы белгі қойылса керек.
Голрох Жеменей