Маңғыстау облысы дін істері басқармасының ұйытқы болуымен «Достық үйінде» «Отбасылық құндылықтар мен отбасы институтын нығайтудағы діннің рөлі» атты әйел жамағаты арасында дөңгелек үстел өтті. Оған облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, сарапшылар, имамдар қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Пікір алмасу барысында отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау, ана болу мүмкіндігі және әйел денсаулығы, ерлі-зайыптылық қарым-қатынастағы ер мен әйелдің құқықтары мен міндеттері туралы сөз қозғалды.
Әйел жамағатымен жұмыс істейтін мамандардың айтуынша, кейбір ислам ағымдарында әйел тең құқықты адам ретінде емес, тек екінші деңгейдегі «зат» ретінде қабылданады, сондықтан әйелдерді пайдалану, олардың алдындағы құқықтары мен міндеттерін сақтамау көп кездесетін жағдай. Мұндай отбасында қыз баланы жас кезінде-ақ, балиғат жасына жетпей тұрмысқа беруі мүмкін. Сонымен қатар, халық арасында «қыз алып қашу» дәстүрі бар, бұл да өзекті мәселе. Мұндай әркеттер ислам әлемі мен ақыл-парасат тұрғысынан жат көріністер.
«Отыз жыл бұрын халқымыз өзінің тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалды. Қазақта «Жақсы жанұяда күйеуі саңырау, ал әйелі соқыр болады», «Отбасыңды қалай құрасаң, дәл солай өмір сүресің» дегендей даналық мән-мағынасы бар сөздер айтылған. Отбасылық байланыс мықты болуы үшін, отбасылық және өмірлік тәжірибесі бар, жан-жақты жетілген, өзіндік көзқарастары қалыптасқан ер мен әйелдің некелік қарым-қатынасынан үлгі алу керек. Ол үшін үлгі боларлық отбасылар көп болуы қажет», - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы «Әйел-қыздар секторының» меңгерушісі Ақмарал Қазиева.
«Отбасылық мәселелерді шешпес бұрын, мұсылмандар рухани көшбасшыларымен кеңесетіні белгілі. Сондықтан отбасын құруға шешім қабылдаған жастарға және дін қызметкерлеріне ерлі-зайыптыларға басшылық жасау үшін отбасы мәселелері бойынша тиісті ақпарат ұсыну өте маңызды», - дейді жиналғандар.
«Отбасы – мемлекеттің іргетасы және ажырамас бөлігі. Мемлекеттің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуі – отбасына байланысты. Отбасының қалыптасуында діннің алар орны ерекше. Шариғатта отбасы тақырыбы өз алдына «Исламдағы отбасы» арнайы ғылым болып қалыптасқан. Қазіргі уақытта отбасы іргетасының берік болмауы ерлі-зайыптылардың қарапайым отбасылық құндылықтарды, өзара міндеттері мен жауапкершіліктерді білмеуінде», - дейді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, техника ғылымдарының докторы, заң ғылымдары академиясының академигі Оңайбек Әбділов.
Жиын соңында дін істері басқармасының басшысы Мақсатбек Маханбетов жиналғандарға алғысын білдіріп, отбасы мен исламдағы құндылықтар, неке қию шарттарына арналған арнайы нұсқаулықтар таратылды.
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА