Опорный орта мектебінің оқушылары «Жалын» жобасы аясында қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді. Жиналған қаржыға аз қамтылған оқушыларға оқу құралдары сатып алынды, - деп хабарлайды mangystaumеdia.kz сайты.
Биыл аталған мектептің 7 – 8-сынып оқушылары «soft skills», яғни өмірге қажетті дағдыларды үйретуге арналған «Жалын» жобасына қатысып жатыр. «Жалын» жобасының үйлестірушісі Нұрлыгүл Рамазанованың айтуынша, соңғы кезеңде оқушылар әлеуметтік мәселені шешуге арналған шағын жоба ұйымдастыруға арналған. Қатысушылар мектепте, ауылда күнделікті көріп жүрген мәселелерді тізіп, өздерінің жобасы аясында аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуді жөн көрген. Жәрмеңкеде олар өздері үйде пісірген тәттілерді оқушылар мен мектеп ұстаздарына сатып, түскен қаржыны қайырымдылыққа жұмсады.
«Жәрмеңке өте жоғары деңгейде өтті. Балалардың көмек қолын созуға, қайырымдылық жасауға асыққандары мен үшін мақтаныш болды. Жиналған қаржыға арнаулы сыныптағы аз қамтылған отбасынан шыққан бірнеше оқушыны мектеп құралдарымен қуантып, алғыстарын алды. Осындай шараларды өткізуге мүмкіндік берген «Жалын» жобасына және жоба жетекшілеріне алғыс білдіреміз. Жақсылық жасауға асығайық», - дейді «Жалын» жобасының тренері Жанғожина Альбина.
Ал жобаға қатысушы Аида Мусаева жақсылық жасағанына қуанышты. Оның айтуынша, қайырымдылық акция арқылы жақсы қасиеттерді бойына сіңірген.
«Жүрегім толы мейірім атты» қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысқаныма өте қуаныштымын. Жоба арқылы қайырымдылық, мейіімділік, жанашырлық секілді сезімдерді бойыма сіңірдім деп айта аламын. Арнаулы сынып оқушыларына көрсеткен көмегіміз арқылы жүрегімізде жылулық орнап, жасаған жақсылығымыз арқылы өзімізге риза болдық. Ұйымдастырушы Альбина апайға көп рахмет! Осындай жобалар саны көп болса деп тілеймін», - деп жоба қатысушысы Аида Мусаева.
«Бүгін өте жақсы іс жасадық деп ойлаймын. Жақсылық жасау – әр адамның міндеті. Осы ұран әрқашан менің жүрегімде болатын. Бұл жоба осы ұстанымымды жарыққа шығарғандай сезімде болдым. Арнаулы сынып оқушыларына сыйлығымызды ұсынған кезде, олардың қуанышты жүздерін көргенде әлемде меннен асқан бақытты адам жоқ шығар деп ойладым. Өз қолыңмен өзгеге көмек көрсете алу – бұл ең үлкен сый, ең үлкен қуаныш деп білдім. Осындай шаралар көбірек болса екен деп тілеймін», - деп жоба қатысушысы Тәңірберді Есниязов.
Айта кетейік, жоба «Теңізшевройл» ЖШС-нің қолдауымен «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба үш кезеңнен тұрады және әр кезеңді сәтті аяқтаған қатысушыларға сертификат табысталады. Сондай-ақ қатысушылар тәлімгермен бірге әлеуметтік жоба дайындап, қоғам жақсаруына үлес қосуды практика жүзінде үйренеді.