Маңғыстау облысында 58 ауылдық елді мекен бар, оның ішінде 28 ауыл перспективалық елді мекен ретінде анықталған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі күні 58 ауылдық елді мекенде 433 407 адам тұрады немесе облыс халқының 60%-ы. Соңғы 10 жылда ауылдық елді мекендердегі халық саны 183 мыңға артты немесе 73%-ға өсті. Бұл туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Альбекова айтып берді.
Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында облыс көлемінде «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы жүріп жатыр. Жоба өңірдің тірек елді мекендерін қажетті инженерлік инфрақұрылыммен және әлеуметтік нысандармен қамтамасыз ету көзделген. Яғни, автомобиль жолдарын салу, жөндеу және білім беру, мәдени және спорттық нысандар салу, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құру арқылы ауылдардың инфрақұрылымын жаңартуды жетілдіреді.
Бүгінге «Ауыл – Ел бесігі» жобасына даму үшін потенциалы бар және халық саны көп 28 перспективалы ауылдық елді мекен енгізілді.
2019-2020 жылдары 63 жобаға 5,3 млрд.теңге бөлінді. Жоба аясында 8 ауыл қамтылды (Бейнеу, Ақшұқыр, Маңғыстау, Қызылтөбе, Баянды, Басқұдық, Рахат, Шетпе).
Оларға 8 әлеуметтік инфрақұрылым, 8 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілер және көлік инфрақұрылымының жалпы ұзындығы 145,2 км болатын 47 объектісіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 57 жоба аяқталып, 6 жоба 2021 жылға өтті.
Осылайша өңірдегі жалпы ауылішілік жолдардың қатты жабындымен қамтамасыз етілуі 24,5%-дан 27,8%-ға өсіп, 252 уақытша және 9 тұрақты жұмыс орындары құрылды, 351 млн. теңге салық түсті.
Биылға жоспар бойынша 15 жобаға (2021 жылға өтпелі - Ақшұқыр ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені) 1 586 млн.теңге қарастырылды. Жобаға Сайын Шапағатов және Жетібай ауылдары таңдалды.