Кеше Маңғыстау облысында 80 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 34-і Ақтау қаласы, 19-ы Мұнайлы ауданы, 10-ны Маңғыстау ауданы, 4-і Жаңаөзен қаласы, 2-і Бейнеу ауданы, 6-ы Түпқараған ауданы, 5-і Қарақия аудандарының тұрғындары. Науқастардың ішінде 35-і симптомды, 45-і симптомсыз белгісімен емделуде. Бұл туралы бүгін аппараттық жиында облыс әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова мәлімдеді.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінгі күні денсаулық сақтау нысандары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Науқастарға 432 инфекциялық және 54 реанимациялық төсек орындық 10 стационар қызмет көрсетуде. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге 92 мобильдік бригада мен 53 жедел-жәрдем бригадасы жұмылдырылған. Оларға 12-18 cәуір аралығында 4171 шақырту түскен.
«Дәрі-дәрмек және жеке қорғану құралдарымен қамту мәселесі де басты назарда. Медициналық мекемелер мен дәріханаларда 3 айға жететін дәрі-дәрмек қоры жасақталған. Сонымен қатар медициналық ұйымдар қажетті жабдықтармен толық қамтылды. Облыс бойынша 1 жылжымалы және 10 зертханалық орталық бар. Олар 1 тәулікте орташа есеппен 1 687 аса ПЦР тәсілімен тестілеу өткізеді», - деді Г.Қалмұратова.
Облыс бойынша КВИ-ге қарсы екпе салатын 28 кабинет жұмыс істеп тұр. Олар апта бойы демалыссыз тұрғындарды қабылдауда.
Аймақта кәсіпкерлік нысандары мен тұрғындардың карантин талаптарын сақтауын бақылау бойынша 24 мониторингтік топ жұмыс істейді. Жыл басынан бері барлығы 2 320 рейдтік шара жүргізілді. Нәтижесінде 94 карантин талаптарын бұзушылық анықталып, 19 хаттама толтырылды.
Облыс әкімі С.Трұмов осы салаға жауапты орынбасарына коронавирусқа қарсы шараларды күшейтуді тапсырды. Үйде Covid-тың симптомсыз түрімен емделіп жатқан науқастарды қатаң бақылауға алып, мониторингтік топтың жұмысын күшейту керегін айтты.
«Елде індет күшейіп, жағдай қиындап жатыр. Қаралы хабар көбейді, ал біз той тойлауды тоқтатар емеспіз. Бұл барып тұрған «қылмыс». Тойды тоқтату керек. Мониторинг жұмыстарын күшейтіңіздер»,- деді облыс әкімі.