Ақтау қаласында «Town Center» сауда қатары мен гольф-клубтың құрылысы жүріп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сауда қатары тематикалық саябақ жанынан салынып жатыр. 9 гектар жерді алатын сауда қатары ескі қала стилінде болмақ. Яғни табиғи тастар, ағаштар мен декоративті материалдың барлығы көне дәуірді еске салады.
«Сауда қатарының аумағы – 38 мың шаршы метр. Оның 31 мың шаршы метрі жалға беріледі. Мұнда ең үлкен екі сауда алаңы болады, қалғандары орта, кіші сауда орындарға тиесілі. Қазақстандық және шетелдік брендтер сатылымға шығады», - дейді «Sеmbol» компаниясы бас директорының көмекшісі Ренат Мейіркамал.
Оның айтуынша, теңіз жағада 22 фуд-корт болса, оның артқы жағында 82 бутик орналасады. Ал ортасындағы 5 500 шаршы метр алаңда фонтан болады. Тек теңізді ғана емес, жалпы сауда орталығын көру үшін 24 метрлі декоративті шамшырақ орнатылады. Мұның барлығы қарапайым тұрғын үшін ашық әрі қолжетімді болады.
Сонымен қатар жылы жаағажай да іске қосылады. Яғни тұрғындар көлікпен келіп, сауда жасап, әрі қарай теңіз жағалауында демалуға мүмкіндік қарастырылады. Түрлі іс-шаралар өткізу үшін сахна, 630 орындық автотұрақ салынады.
Қазір сауда орталығының артында гольф-клуб салынып жатыр. Жалпы жер телімі – 25 мың гектар. Клубқа қарасты 100 орындық мейрамхана, автотұрақ, техникалық бөлмелері қарастырылған.
«Жалпы аумақтың 15 гектар жері газон, 12 шаршы метр аумақта су қоймасы болады. Оның барлығы ойын алаңына және жасыл-желекті көгалдандыруға арналады. Одан бөлек 300 бөлмелі гольф-отельдің құрылысы жүріп жатыр. Онда 245 адамға арналған мейрахана, конференция залы, СПА, фитнес залы, қонақ үй алдында бассейн бар», - дейді құрылыс компаниясының өкілі.
Аталған жоба құрылысы жыл соңында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН